Елордада Қазақстан журналистеріне арналған «Жаңа БАҚ» атты модульдік оқыту басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Қазақстан журналистеріне арналған «Жаңа БАҚ» атты модульдік оқыту басталды.

Модульдік оқыту Tika Turkey, «ҚазАқпарат» АҚ және «Медиа дамыту қорының» бірлескен жобасы. Аталмыш шара «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің 100 жылдығын атап өту аясында өткізілуде, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Бес күн бойы Tika Turkey өкілдері әлеуметтік желілермен жұмыс дағдыларымен бөлісіп, халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жаңалықтар экономикасы туралы баяндайды. Шараны TRT Istanbul Radiosu цифрлық медиада контентті басқару маманы Хале Айдомуш жүргізеді.

Оқыту кезінде журналистер үшін әлеуметтік желілер, халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жаңалықтар экономикасы, цифрлық медиаұсыныстар тақырыптары ортаға салынады. Оқыту түрік тілінде жүргізіліп, қазақ тіліне аударылады. Шара соңында әрбір қатысушыға арнайы сертификат табысталады.

Оқытуға «Qazaqstan» және «Хабар» телеарналары, «Егемен Қазақстан», «Астана ақшамы», «Азаттық рухы», «Айқын» басылымдарының және «Қазконтент» АҚ-ның тілшілері қатысады.

Бұл жоба – журналистердің теориялық және практикалық білімін арттырудың жақсы мүмкіндігі.

Tika Turkey – ынтымақтастық және үйлестіру бойынша қызмет етіп, түрлі іс-шаралар: біліктілікті арттыру курстарын, тренинг, семинарлар өткізетін, басқа салаларда да көмек көрсететін түрік агенттігі. Оның негізгі мақсаты – түркі елдерінің арасында экономикалық, сауда, техникалық, әлеуметтік, мәдени және білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту.


Соңғы жаңалықтар