Елордада Қазақ күресінен VIII Әлем біріншілігі өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтандағы «Дәулет» спорт кешенінде Қазақ күресінен VIII Әлем біріншілігі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясы 15 жылдың ішінде 52 мемлекетте федерациясын ашқан болатын. Бүгін басталған әлем чемпионатына 36 мемлекет қатысуға тілек білдірді. 36 мемлекеттің қыздар және ерлер тобының балуандары толық құрамда келетінін айтқанымен, ауа райының қолайсыздығына байланысты 8 команда жарысқа кешігіп қалды. Яғни, 28 елдің балуаны боз кілемге шықты», - деді Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры Талғат Мәзібаев турнир барысында.

Оның айтуынша, Қазақ күресінен бағын сынамаққа келген балуандардың ішінде дзюдо, еркін күрес сынды спорт түрлерінен аты шығып жүрген спортшылар баршылық.

«Өзбекстан, Грузия, Моңғолия, Латвия, Беларусь командаларының құрамында Олимпиада ойындарына қатысқандар, самбодан бірнеше дүркін чемпион атанған спортшылар бар. Жүлде қоры – 70 мың АҚШ долларын құрайды. Әр орындарға бөлініп беріледі. Демеушілер бүкіл елден келген спортшылардың келу-кетуге шығатын шығынын көтеріп отыр. Өйткені, біз Қазақ күресі секілді дамушы күрес түрінен сайыс өткізіп жатырмыз. Жапондар секілді өз күресімізді алға жетелеу үшін ақша салуымыз керек», - дейді ол.

Бүгін ерлер мен қыздар үш-үш салмақтан, ертең де дәл осындай тәртіп бойынша боз кілемде өзара мықтыны анықтайды.

Жарыстың алғашқы жеңімпазы да белгілі болды. Қыздар арасындағы 55 келі салмақта бірінші орынға Зарина Абдурахманова (Түрікменстан) ие болса, екінші және үшінші орындарды Анара Рысқұлова (Қырғызстан) мен Мария Лиатири (Грекия) иеленді. 60 келі салмақта бірінші орын Ганцэцэг Ганболдтың (Монғолия) қанжығасында кетті. Аталмыш салмақта екінші және үшінші орынды Мейірім Момынова (Қырғызстан) мен Толғанай Әбеуова (Қазақстан) місе тұтты.

Турнир толықтай UWW ресми өкілдері мен халықаралық дәрежедегі төрешілерінің қатысуымен өткізіліп жатыр. Жарысты ұйымдастырушылар – Біріккен Күрес Әлемі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясы. Әлем чемпионатына демеуші – «Eurasian Resources Group» (ERG).

Еске сала кетсек, кеше елордада алыс-жақын шет елдердің өкілдерінің қатысуымен Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының халықаралық конгресі өткен болатын. Конгрес барысында Алик Шпекбаев аталған федерациясыныңпрезиденті, ал актер әрі режиссер, Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының «Құрметті президенті» болып сайланды.

Соңғы жаңалықтар