Елордада «Қайырымдылық керуені» байқауының жеңімпаздары марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ІІІ Республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауына қатысқан елордалықтар марапатталды. Байқауға қайырымды істермен тұрақты түрде айналысып, қоғамға көмегі тиген азаматтар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының әкімі Ерлан Бекмұрзаевтың айтуынша, республикалық сайысқа жалпы саны 670 өтінім қабылданса, оның 100-ге жуығы – елорда тұрғындарынан.

«Қатысушылардың арасында үлкен құрылыс компаниясының басшылары, ең бастысы дәрігерлер, өрт сөндірушілер болды. Қайырымдылық шараларымен күнделікті айналысатын жандардан қоғамға келер пайда зор. Сол себепті оларды марапаттау рәсімі жоғары деңгейде өтті», – деді Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Назгүл Мағжан.

Қатысушыларды әр саладан көруге болады.

«Қайырымдылық керуені» марафонының номинанты болғаныма қуаныштымын. Былтыр командамызбен бірге еліміз бойынша екі мыңнан астам адамды түрлі дағдыларға үйреттік. Оған түрлі саланың сарапшылары көмектесті. Жыл бойы оқытып, сертификаттар тапсырдық. Осылайша жаңа мүмкіндіктер сыйладық. Бәрін қайырымдылықпен айналысуға шақырамын. Жақсылықты кез келген сәтте жасауға болады», – деді қоғам қайраткері Ақерке Берлібай.

Байқау қатысушыларының бірі, елордадағы №3 көпбейінді инфекциялық аурухананың пульмонология бөлімі меңгерушісі, дәрігер Сапаркүл Бердешова коронавирус індеті енді басталған шақта күні-түні ауруханада қалып, жаппай түсіп жатқан науқастарды емдеген.

«Коронавирус басталысымен, бізді провизорлық орталыққа ауыстырды. Майдан даласына мылтықсыз топ ете қалғандай болдық. Күніне 200-дей адам түскен кездер болды. Төсек-орын жетіспейді. Екі апта бойы үйге бармай, ауруханада қалған түндері ұйықтайтын орын жоқ болған соң, түрегеп отырып көз ілетінбіз. Адам шығыны болмаса екен, науқастар жазылып шықса екен деп тіледік. Бірақ көп адамнан айырылдық. Бізге өз аяғымен келген кісілердің ертеңіне мәйіті шығып жатты. Қанша отбасының бірнеше адамы қатар кетті. Бүгін әкесі, ертең ұлы... Одан қалса, YouTube-тің жақсы мағынасында да, жаман мағынасында да «гүлі» болдық. «Сендер қолдан жасап жатырсыңдар, сендер өлтірдіңдер» деп бізге лағынет жаудырғандарды да талай көрдік. Инфекцияның ортасында жүрген соң, өзім де ауырып қалдым. Жолдасымның өкпесі 70%, өзімдікі 45% зақымданып, әйтеуір, жазылып шықтық», - дейді ол.

Сапаркүл астаналықтарға ғана емес, реті келсе, барлық қазақстандыққа көмектесуге тырысқан. Сол сияқты медицина саласы бойынша халыққа ұшан-теңіз пайдасы тиген Анна Цепке, Татьяна Цечоева марапатталды.

Сондай-ақ қатысушылардың ішінде төтенше жағдай кезінде тегін психолгиялық кеңес берумен айналысқан астаналықтар да бар. Мәселен, Динара Жақыпбекова мен Айдана Бейсембенова Bek Air әуекомпаниясының ұшағы апатқа ұшырағанда, төтенше жағдайға ұшырағандар мен олардың жақындарына психологиялық көмек көрсеткен.

Айдархан Кемаладинов өрт лаулап жатқан пәтерден жүкті әйел мен төрт баланы құтқарып қалса, Нәдір Омарғазиев кішкентай баланы құдықтан шығарып алған. Ал Сергей және Анна Ляховтар бассейнге батып кеткен баланы алып шығып, алғашқы көмек көрсетіп, өлім аузынан арашалап қалған.

Марапат иелерінің ішінде Эмин Аскеров, Эльмира Сақалова, Ботагөз Игенбаева, Әлия Ержанова, Маржан Абдуллина, Динара Сырғабаева, Раиса Алюшина, Ғабит Сәтмағанбетов, «Мама Про» әлеуметтік тұрғыдан осал әйелдерді қолдау және дамыту қоры, «БлагоДарю» қоғамдық қоры және «Эpro» корпоративтік қоры бар.

Естеріңізге сала кетсек, қазір «Қайырымдылық керуені» IV республикалық байқауына қатысуға өтінім қабылданып жатыр.


Соңғы жаңалықтар