Елордада қараусыз қалған малдар үшін айып тұрағы ашылды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында көшеде бей-берекет жүрген үй малы айып тұрағына жеткізілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жергілікті полиция қызметі басқармасы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық инспекциясымен және елорданың аудандық әкімдіктерімен бірлесіп, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406, 408-баптары бойынша жануардың меншік иесін әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде комиссиялық шешім қабылдайды.

Аталған баптар елорда аумағында малды бей-берекет жаю фактісін анықтау жағдайларына қатысты», - делінген қала әкімдігінің ресми сайтында.

Мәлім болғандай, жануар иесінің жеке басы және мән-жай анықталғанға дейін қараусыз қалған ауыл шаруашылығы жануарлары Нұр-Сұлтан қаласы, Алаш тасжолы, 72 мекенжайында ұсталатын болады.

«Жануарларды иесіне қайтарған кезде иесі сол аралыққа дейінгі шығынды өтеуі тиіс.

Бұл шаралар қараусыз қалған жануарлардың салдарынан болатын жол-көлік оқиғаларының, сондай-ақ малды ұрлау мен заңсыз өткізу фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді», - деді әкімдіктен.

Толық ақпарат алу үшін мына телефондарға хабарласуға болады: 8(7172)55-68-96, 8(7172)28-59-70.


Соңғы жаңалықтар