Елордада карантин аумағын заңсыз кесудің 56 фактісі анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында наурыздың 19-25 аралығында карантин аумағын кесіп өту бойынша 56 факті анықталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аталмыш уақыт аралығында елордаға кіріп-шығудың ерекше режимін бұзғаны үшін 56 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 31 азамат 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 9 азаматқа 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ал қалған 16 тұлғаға қатысты материалдар соттың қарауына жолданды», – деді Ержан Сәденов.

Полиция мәліметінше, карантин аумағын заңсыз кесіп өтпек болған 56 оқиғаның 10-ы карантин талабын автокөлікпен бұзуға қатысты тіркелген.

«Адамдар карантин аумағын айналма жолдармен, сондай-ақ жазық дала арқылы өтпек болған. Мұндай фактілердің барлығының жолы кесілді. Айталық, карантин аумағының іргесінде елді мекен бар: тәртіп бұзушы ауылға 5 литр арақты жаяу алып өтпек болған. Алайда ол сол жерде ұсталды», - деді бас полицей.

Естеріңізге салсақ, 19 наурызда елордалық Полиция департаменті қызмет атқарудың ерекше режиміне көшірілді. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының периметрімен (Жібек жолы, Қосшы, Қараөткел, Талапкер және Қоянды елді мекендері қамтылған) 7 блокбекет орнатылды.

Қадағалау бекеттерінің арасында жедел топтар жұмыс істейді. Олар жол талғамайтын көліктермен және әуеден бақылау дрондарымен қамтамасыз етілген. ІІБ мәліметінше, бүгінгі күні айналма жол арқылы патрульдік жасақтар ілесе отырып, 2 мыңнан астам автокөлік және 3 600 азамат транзиттік маршрутпен өтті. Оған қоса, Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасының үйлестіруімен уақытша шектеулер мен шаралардың заңды жүзеге асырылуын қадағалауды қамтамасыз ету мақсатында құрамына прокуратура, полиция және мемлекеттік кіріс қызметкерлері шоғырланған жедел топ құрылды.



Соңғы жаңалықтар