15:27, 18 Мамыр 2021 | GMT +6
Елордада қандай орындарда шомылуға болады – ТЖД жауабы
НҰР-СҰЛТАН. Қаз-Ақпарат – Нұр-Сұлтан қаласында халық суға түсетін 23 орынның 3-еуінде ғана шомылуға ресми рұқсат берілген. Бұл туралы елорда әкімдігінің онлайн баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Статистика бойынша, қазіргі уақытта судан қаза болудың 80% азаматтардың мас күйде шомылуына байланысты, сондай-ақ жабдықталмаған және тыйым салынған орындарда шомылу болып отыр. Ыстық күндері жағажайларда демалушылардың саны мыңнан асып кетеді. Сондықтан әрбір азамат судағы қауіпсіздік ережелерін орындауы тиіс», - дейді Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Есен Байыров.
Оның айтуынша, тексеріс комиссиясы елордада халық шомылатын 23 орынды анықтаған.
«Оның ішінде үшеуі – Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтің қаулысына сәйкес рұқсат етілген орындар. Олар: «Орталық жағажай», «Три пескаря» және «Астаналық аула» демалыс аймақтары. Қалған 20 орынға суға шомылуға тыйым салынған», - дейді ол.