Елордада инклюзивті спартакиада өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың №22 мектеп-гимназиясында аутизмі бар жүзден астам бала инклюзивті спартакиадаға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін 2 сәуір - Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні. Бұл күн 2008 жылы Катар мемлекетінің бастамасымен бекітілген. Мақсаты - жазылмайтын ауруға шалдыққан адамдардың қажеттілігіне назар аудару, олардың өмір сапасын жақсарту.

Спартакиаданы аутизмі бар балалар ата-аналарының «Орда» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Оған жүзге жуық бала қатысты. Балаларды қолдауға ата-аналары, бауырлары мен әпкелері келді.

«Басты мақсатымыз - өз балаларымызға көмектесу. Оларға спорттық орталықтар, кинотеатрлар мен музейлердің қолжетімді болғанын қалаймыз. Сондықтан, 2016 жылы аутизмі бар балалардың ата-аналары бірігіп, «Орда» қоғамдық бірлестігін құрды. 2017 жылы қала әкімдігінің қолдауымен аутизмі бар балаларды оңалту мен әлеуметтендіру жөніндегі жобамыз қаржыландырылды. 2018 жылы жобамыз кеңейіп, аутизмі бар балаларға өз үйінде арнайы әлеуметтік көмекті көрсету бойынша мемлекеттік тапсырыстарды орналастыра бастадық. Әзірге екі жобамызға 220-дан астам бала қамтылған», - деді «Орда» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Салтанат Есмағанбетова.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, аутизмге шалдығу жыл сайын 13% көбейіп отыр.

«Балаларға арналған инклюзивті спартакиада «Көңілді старт» түрінде өтіп жатыр. Барлық балалар спорттық біліммен қамтылмаған, сондықтан әрбір балаға жеңіл әрі түсінікті болу үшін көңілді старттар өткізуді ұйғардық. Ерекше балаларға арналған спартакиада биыл бірінші рет өткізіліп жатыр. Сондықтан оны жыл сайын өткізу жоспарлануда. Біз аутизммен ауыратын балалар мәселесімен айналысатын ұйым ретінде әлем назарын балаларға аударғымыз келеді. Біздің балаларды қоғамның қабылдағанын қалаймыз», - деп атап өтті ол.

Ойындардан кейін балаларға мерекелік концерт ұйымдастырылып, сыйлықтар таратылды және олар фотосуретке түсірілді.

Ерекше баланың анасы Меруерт Көшенованың айтуынша, аутизмі бар балаларды әлеуметтендіруге арналған мұндай шаралар жиі өткізіліп тұруы тиіс.

«Біз үшін балалардың қоғаммен етене араласуы өте маңызды. Спартакиадалар бүгін ғана емес, ай сайын өтіп тұрса деген тілегіміз бар», - деді М. Көшенова.

Соңғы жаңалықтар