Елордада «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада әулеттер мен өндіріс жұмыскерлері арасында жыл сайын өтетін республикалық «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіздік сарайында өткен шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, ҚР Парламентінің депутаттары, «Атамекен» ҰКП-ның, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер республикалық бірлестіктерінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен қоса еңбек ардагерлері және конкурстың өңірлік кезеңінің лауреаттары қатысты. Шара басында Бердібек Сапарбаев меценаттар мен кәсіпкерлерге «Шапағат» медалін, ҚР Президенті мен Премьер-Министрінің атынан алғыс хаттарды табыс етсе, ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова ардагерлерге «Еңбек ардагері» медалін табыс етті.

«Адамды адам еткен еңбек. Сондықтан, біз мына отырған еңбеккерлерге басымызды иеміз, зор алғысымызды айтамыз. Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, қазақстандықтардың өмірінің жақсаруы, жағдайларының түзелуі – еңбекке байланысты. Сол себепті, мемлекет тиісті жағдай жасайды. «Еңбек» бағдарламасының ең негізгі міндеті де – қазақстандықтардың еңбек етіп, отбасын асырауға, Қазақстанның экономикасын жақсартуға жағдай жасау», - деді шара барысында Бердібек Сапарбаев.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталмыш шараны жұмысшыларды кеңінен танымал ету мақсатында өткізіп келеді. Байқау «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас жұмыскері» атты үш номинациядан тұрады. Үміткерлерден өтінім қабылдау биыл 1 маусымда басталған. Конкурстың өңірлік кезеңінде бірінші номинация бойынша – 90, екінші номинация бойынша 144 және үшінші номинация бойынша – 154, барлығы 388 адам бақ сынады.

Конкурстың республикалық кезеңінде министрілк сайтында өткізілген онлайн дауыс беру барысында «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша 23 351, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша 90 156 және «Өндірістің үздік жас жұмыскері» номинациясы бойынша 65 822, барлығы 179 329 дауыс түскен.

Отандастарымызды кәсіби жетістіктерге ынталандыру және жаңа еңбек династияларын қалыптастыру мақсатында биыл министрлік сыйлықтардың санын көбейту туралы шешім қабылдады. Егер өткен жылдары сыйлықтар тек номинациялар бойынша берілген болса, биылдан бастап жеңімпаздар – 1, 2 және 3 орын үшін марапатталатын болды.

«Үздік еңбек әулеті» номинациясында Елордалық Еңсебаевтар әулеті бірінші орынға, Шығыс Қазақстан облысынан келген Сағадиевтер әулеті екінші орынға, ал атыраулық Жұмағалиевтердің ұстаздар әулеті үшінші орынға ие болды. «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша Ақмола облысының ТББ (техникалық бақылау бөлімінің) бақылаушысы Майра Исаева жеңіске жетсе, Шымкент қаласының цемент өндіру жөніндегі инженер-технологы Ескендір Рүстемов екінші орын алды. Қарағанды облысының ауа бөлу қондырғыларының аппаратшысы Дәулет Ежибаев үшінші орынды қанағат тұтты.

«Үздік жас өндіріс жұмыскері» номинациясында Солтүстік Қазақстан облысынан келген жалпы практика дәрігері Юлия Шевченко үздік атанса, Қостанай облысының логистика және қойма сақтау шебері Владимир Самодуров екінші орынға тұрақтады. Ал Павлодар облысынан келген технологиялық насос машинисті Асқар Нұрғалиевқа үшінші орын бұйырды.

Байқау жеңімпаздары 1 орын үшін – 1 млн теңге, 2 орын үшін – 500 мың теңге және 3 орын үшін – 200 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Сонымен қатар, «Көрермендер көзайымы» сыйлығының жеңімпаздары да анықталды. Осылайша, «Үздік еңбек әулеті» номинациясында Ақтөбе облысынан келген Ізбасовтардың металлургтер әулеті жеңіске жетіп, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы – Батыс Қазақстандық ұстаз Баян Кабиеваға бұйырды. Ал «Өндірістің үздік жас жұмыскері» номинациясында Жамбыл облысының электрик-инженері Қуаныш Шыныбеков топ жарды. Аталғандардың барлығы бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздарын құттықтай отырып, Біржан Нұрымбетов мемлекеттің жаңғыруы мен қоғамның дамуындағы еңбек адамдарының маңызды рөлін атап өтті.

«Бұл қуанышты күні өздерінің күнделікті еңбегімен қазіргі Қазақстанның тәуелсіздігі мен қалыптасуының куәгерлері болып қана қоймай, негізін қалаған еңбек ардагерлері мен еңбек әулеттерінің баға жетпес үлесін атап өткім келеді. Сіздер шынайы тәлімгерлік институтының рухын көтеріп жүрсіздер және жастарға өздеріңіздің кәсіби және адамгершілік тәжірибелерңізді жеткізіп, олардың еңбекке, жұмыс мамандықтарына деген сүйіспеншілігін арттырасыздар», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар