Елордада демалыс күндері карантин тәртібін бұзудың 128 фактісі тіркелді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада мобильді топтардың мүшелері карантин режимі тәртібін бұзу фактілерін анықтау мақсатында «Учаске» жедел-іздестіру шараларын жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мобильді топтар атап айтқанда мейрамханалар, компьютерлік клубтар мен дүкендерді тексеруде.

«10 қазан күні түнде шектеу шараларына қарамастан Ұлы Дала көшесіндегі «TEDD» рестобары жұмыс істеп, клиенттерге кальян шегу қызметін ұсынған. Рестобардың ішіндегі 20 шақты адам әлеуметтік қашықтықты сақтамаған. Әр үстелде 4-6 адамнан отырған. 7 клиентке қатысты Әкімшілік кодекстің 441-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бәріне 25 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - деді қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, Телқоңыр көшесінде SPA қызметін ұсынған «Kaif» салоны да қызметін тоқтатпаған. Онда клеген 4 адам, 8 бойжеткен мен күзетші істің мән-жайын анықтау үшін Есіл аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Артынша оларға қатысты Әкімшілік кодекстің 437-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, карантин тәртібін бұзған азаматтар жазаланды.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті коронавирус инфекциясының әлі де қауіпті екенін және карантин тәртібін бұзған азаматтар жазаланатынын ескертеді.

Айта кетсек жалпы құзырлы органдарының рейдтерімен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен жалпы қоғамдық бақылау жұмысы бүкіл республика аумағында жүргізіліп жатыр. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін 5 шілдеден бері бүкіл елде кәсіпкерлік субъектілері мен жеке тұлғаларға қатысты 15817 әкімшілік хаттама (ҚР ӘҚБК 425-бабы 1-бөлігі) толтырылып, оларға жалпы сомасы 894,8 млн теңгенің айыппұлы салынған. Оның ішінде жеке тұлғалар 307,4 млн теңге көлемінде жауапкершілікке тартылған.


Соңғы жаңалықтар