Елордада Дариға Назарбаеваның қатысуымен қайырымдылық фестивалі өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада дәстүрлі «Сиқыр әуендері» қайырымдылық фестивалі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақконцертке» сілтеме жасап.

Биылғы фестивальді «Дегдар» гуманитарлық қоры және «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы бірлесіп өткізіп отыр.

Дариға Назарбаеваның бастамасымен жүзеге асып жатқан қайырымдылық жобаның мақсаты – балалар үйінің тәрбиеленушілеріне материалдық көмек көрсетіп, балалардың рухани әлемін байыту. Фестиваль аясында ауылдық елді мекендерде орналасқан төрт балалар үйіне қаржы жиналып, қайырымдылық көмек көрсетіледі. Олардың қатарында Ақмола облысының Ақкөл ауданы Урюпинка ауылындағы «Балабақша – мектеп – интернат» арнайы кешені, ШҚО білім басқармасына қарасты №8 балалар үйі, Қарағанды облысы Осакаровка ауданындағы Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаты, Қостанай облысы әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының Орталық нерв жүйесі органикалық зақымданған және психикасы бұзылған балаларға арналған Рудный мамандандырылған сәбилер үйі кіріп отыр.

«Былтырғы фестиваль аясында 52 миллион теңге қаражат жиналып, 209 балаға көмек көрсетілді. Жиналған қаражат есебінен ауылды жерде орналасқан 4 балалар үйіне көмек берілді. Ал биылғы фестиваль барысында 315 бүлдіршінге жәрдем көрсетіледі. Бұған қоса, тағы 4 балалар үйін сапалы әрі қажетті құрал-жабдықтармен қамту жоспарланған. Қажетті қаражат әлі де жиналуда. Еліміздің кез келген ұйымы мен азаматы осы игі іске өз үлесін қоса алады, - деп мәлімдеді «Дегдар» гуманитарлық қорының директоры Лаура Ахметова.

Фестиваль Урюпин ауылының балалар үйі тәрбиеленушілеріне арналған «Open space» іс-шарасымен ашылды. «Open space» еліміздің ең ірі өнер ошағы – «Қазақстан» орталық концерт залында өтті. Балалар «Ерекше актерлер театрының» қойылымын, кескіндеме өнері, қыш өнері және заманауи билер бойынша шеберлік-класстарын тамашалап, робототехника үйірмелерін, виртуалды және химия лабораторияларын көрді. Бұған қоса, балалар аниматорлармен бірге қызықты ойындарға қатысты. Іс-шара барысында бүлдіршіндер көптен бері армандап жүрген сыйлықтарды алды. Балалармен бұл қуанышты сәтті бөліскен Дариға Назарбаева сыйлықтарды өз қолымен табыстады.

«Мен бүгін сіздермен кездесіп, бақытты жүздеріңізді көргеніме қуаныштымын. Бүгінгі үйірмелерге қатысқан балалардың талантты, білімге және заманауи ғылымдарға қаншалықты құштар екендігін көрдік. Мен сіздерге болашағы жарқын, мақсаты айқын тұлға ретінде өсіп, барлық асқақ армандарыңыздың орындалуын тілеймін. Сіздердің айналыңызда өмірін бала қамқорлығына арнап, сіздерге күнделікті бақыт шуағын сыйлап жүрген көптеген жақсы, мейірімді адамдар бар. Мен әрқашан балалардың қасынан табылатын тәрбиешілер мен педагогтарға зор алғыс білдіремін»,- деді Дариға Назарбаева.

Фестиваль 7 желтоқсан күні «Қазақстан» орталық концерт залында өтетін үлкен қайырымдылық концертке ұласпақ. Концерт Дариға Назарбаева, Медет Чотабаев, Мейір Байнеш, Әлфия Кәрімова, Азат Мәлік, Азамат Желтыркөзов, «FORTE TRIO» мемлекеттік триосы, «Астана Опера» театрының хоры мен симфониялық оркестрінің қатысуымен өтеді. Мерекелік концерттің бағдарламасына танымал оперетталар мен мюзиклдердің ариялары енген.

«Қазақконцерт» баспасөз қызметінен алынған фото

Соңғы жаңалықтар