Елордада Бразилияның «Оле Бразил Клаб» футбол академиясына оқуға баратын 8 жасөспірім іріктелді

None
None
СТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы «Астана-Арена» стадионында Бразилияның «Оле Бразил Клаб» футбол академиясына оқуға баратын 8 жасөспірімді іріктеуге арналған ойындар өз мәресіне жетті.

Іріктеу турына еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған 100 бозбала қатысып, бақ сынады. Ақпанның 8-інде басталған ойындардың соңғы матчында 22 ойыншы алаңға шығып, өз өнерлерін көрсетті.

Аталған елде білім алып жатқан 26 жас спортшының 8-ін ауыстыру туралы шешімді академияның техникалық комиссиясы шығарғанын атап өткен ҚР Спорт және туризм министрлігі Спорттық резерв басқармасының бастығы Жұмажан Имаяқовтың сөзіне қарағанда, ойын нәтижесіне сәйкес 10 жас спортшы іріктеп алынып, оның 8-і шет елге аттанса, ал 2-уі резервте тұрмақ. «Сонымен қатар біз Бразилияға баратын бапкерді де айырбастауға шешім қабылдадық. Өйткен, алдында жіберген жаттықтырушы Бразилия футболының айла-тәсілдерін жетік меңгеріп, білімін толықтырып қайтты деп ойлаймыз. Енді ол Қазақстандағы былғары доптың жас шеберлерімен жұмыс істеуі керек», деді.

Сонымен ағымдағы оқу жылына баратын жаңа бапкер болып еліміздің Футбол федерациясы ұсынған Әуелбек Дербісбаев бекітілді. Ол федерацияның техникалық орталығында қызмет істеп, Англияда еңбек өтілінен өткен. Соңғы жылдары жасөспірімдер футбол мектебінде бапкер болып қызмет атқарған.

Келесі кезекте Бразилиядан спортшыларды іріктеу мақсатында арнайы келген академияның үйлестірушісі, аталған елдегі біздің футбол командамызды дайындау бойынша жетекші Хилтон Луис Алвис Тостос сөз алып, өткен жылы білім алған қазақстандық спортшылардың мүмкіндіктерін жақсылап зерделегендіктерін және олардың деңгейі қандай екендіктерін жақсы білетіндіктерін атап өтті.

«Ағымдағы жылы құрама сапын күшейтуді мақсат еттік. Соған орай команданың әлсіз позициясын күшейту үшін іріктеу өткіздік», деген шетелдік маманның айтуына қарағанда, еліміздегі аяқ доп шеберлерінің деңгейінен Бразилияда білім алған футболшылардың деңгейлері біршама артық. Мәселен, шетелдік мамандардың жіті қадағалауымен футболдың қыр-сырын меңгерген жас футболшыларымыз бірқатар жарыстарға қатысып, аталған елдің өңірлік жарыстарының бірінде жеңіске жеткен.

Осыларды айтқан бразилиялық маман академияға білім алуға баратын футболшылардың есімдерін жария етті. Сонымен Қуат Мырза, Айбек Мірабзалов, Азамат Серікұлы, Олжас Ілиясов, Елдар Ғаниев, Әбдімәлік Сәрсекбаев, Рафхат Аслан, Абылайхан Дүйсенов сәуір айында футболдың қыр-сырын үйрену үшін Бразилия еліне аттанбақ.

ҚР Спорт және туризм министрлігі Спорттық резерв басқармасының бастығы Жұмажан Имаяқов баспасөз мәслихатының соңында келесі жылы оқуларын аяқтап, елге демалысқа келген аяқ доп шеберлерімен еліміздің жастар құрамасы алаңға шығатындығын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар