Елордада биыл отбасылық жанжалға қатысты 10 мыңнан астам шағым түскен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері елорда полициясына отбасылық-тұрмыстық сипаттағы 10 мыңнан астам қоңырау түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметованың айтуынша, әйелдерге қатысты қылмыстарға жол бермеу және оның алдын алу мақсатында азаматтардың арасында ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұған қоса, аталған бөлімше инспекторлары өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерде көмек көрсетудің жаңа әдістерін де енгізіп жатыр.

«Біз жедел ден қою мақсатында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған жасырын алгоритм әзірледік. Біздің 102 нөмірімізге қоңырау шалып, «маска мен антисептик түсті» деген кілт сөзді айтып, мекенжайыңызды атасаңыз болғаны. Оператор сөз тұрмыстық зорлық-зомбылық жайында болып отырғандығын бірден біледі. Соған орай аталған мекенжайға бірден полиция жіберіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегушілер санының әсіресе карантин енгізілген кезеңде айтарлықтай арта түскендігі құпия емес. Тек осы жылдың басынан бері 102 нөміріне отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласы бойынша 10 мыңнан астам қоңырау түсті», - деді Гүлмира Шрахметова.

Оның айтуынша, көмекке мұқтаж әйелдерге сеп болатын құпия сөз қауіпсіздік мақсатында үнемі өзгертіліп отырады. Ал құпия сөздің бар екендігі туралы ақпаратты Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің испекторлары күнделікті жұмыстары барысында халыққа жеткізіп, пайдалы ақпараттар жинақталған буклетті азық-түлік дүкендері мен дәріханаларда қалдырады. Сонымен қатар көшеде жаяу жүргіншілерге таратып береді.


Соңғы жаңалықтар