Елордада білім мекемелерінің психологтары біліктілігін арттырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда мектеп психологтарына арналған тренинг өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада жасөспірімдерді психикалық күйзелістен шығару және позитивті сана қалыптастыру тақырыбында 32 орта арнайы білім мекемесінің психологтары үшін тренинг өтеді. Ұйымдастырушы - «Рухани жағыру» жобалық кеңсесі және «Астана Дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық қолдау орталығы.

Қала әкімдігінен мәлім еткендей, оқу курсы «Сананың ашықтығы» бағыты аясында өтеді және бір аптаға созылады.

«Сананың ашықтығы» - «Рухани жағыру» бағдарламасының бір бағыты. Оның аясында психологтарға қалай дамуға болатынын, қоғаммен жұмыс жасауды үйретеміз. Осы аптада теориялық білім алатын бес топ бар. Кейіннен практикалық сабақтар болады. Жалпы, сабақтар 70 сағаттан асады. Тренингті халықаралық тәжірибесі бар мамандар жүргізеді», - деді Нұр-Сұлтан қалалық «Рухани жағыру» жобалық кеңсесі жанындағы білім беру орталығының жетекшісі Намаз Жұлдыз.

Оқу бағдарламасында жастардың және өмірлік қиын жағдайға тап болған кез келген адамның таным-түсінігін кеңейту әдісі туралы дәрістер бар.

«Әдетте, жастар бір есік жабылса басқа амал жоқ деп ойлайды. Біз жас мамандарға тығырықтан шығар жолды қалай түсіндіруге болатынын үйретеміз. Сананың ашықтығы арқылы түсіндіреміз, өйткені өмірлік тәжірибедегі шектеулер аффектілі және бақыланбайтын мінез-құлыққа әкеледі. Ауыр күйзеліс күйінде бала өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін», - деп түсіндірді тренер.

Елордалық психологтарға арналған тренингті тәжірибелі кәсіби психологтар өткізеді. Тренерлер тарапынан Германияның «Стресті оптимизммен басқарыңыз» стресменеджмент тақырыбы аясында кеңінен ақпарат берілетін болады.


Соңғы жаңалықтар