Елордада балалар қауіпсіздігі айлығы жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкеннің төрағалығымен білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жиын өтті. Шара барысында қатысушылар мектептердегі бейнебақылау жұмысын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жиын барысында әкім орынбасары тиісті мемлекеттік органдарға бейнебақылау камераларының жұмыс жағдайын тексеру үшін қала мектептері бойынша бірлесіп тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

«Елорда мектептеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін алдымен мектептердегі бейнебақылау камерасы мәселесін шешіп алуымыз қажет. Ол үшін бізде ең алдымен статистика болуы керек. Қанша мектепте бейнебақылау камерасы бар, қайсысы жұмыс істейді, қайсысы жұмыс істемейді деген секілді. Осы орайда қалалық білім басқармасы, мектеп директорлары, полиция департаменті және «іKOMEK» орталығына тапсырма беремін. Қаланың барлық мектептерін аралап шығып, қауіпсіздік мәселесін, оның ішінде бейнебақылау камерларының жұмыс істеуі бойынша мониторинг жүргізіңіздер. Ол үшін комиссия құрып, оның құрамына тиісті органдардың өкілдерін кіргізіп, жұмыс жасаңыздар. Аталған комиссия қаладағы әр мектепті аралап көріп, бейнебақылау камераларының жұмыс істеу деңгейін анықтасын. Сонда ғана біз елорда мектептерінің қауіпсіздік мәселесі мен нені бірінші шешуіміз керектігін біле аламыз», - деді Бақтияр Мәкен.

Әкім орынбасары елордада балалар қауіпсіздігі айлығы өткізілетінін хабарлады. Одан бөлек, Б.Мәкен қауіпсіздікке жауап беретін күзет ұйымдарын тексеруді тапсырды.

«Қазіргі күні қалада түрлі күзет ұйымдары көбейіп кетті. Саны бар, сапасы жоқ. Бұл да - кезек күттірмейтін мәселе. Күзет компанияларының санын 3-4-ке дейін қысқарту керек. Сонда қауіпсіздікке қатысты сұрақтарды тек соларға қойып, солардан талап ететін боламыз. Себебі оқыс оқиға орын алса, үнемі кінәлі адамды іздеп жүреміз. Сіздерге бір апта уақыт беремін, бәрін қарап шығып, бізге жеткізіңіздер. Одан әрі біз қала әкімімен ойласа келе мәселені түбегейлі шешу жолдарын қарастырамыз», - деді әкім орынбасары.

Аталған жиынға білім басқармасы, полиция департаментінің басшылығы, мектеп директорлары мен қалалық әкімдік өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар