Елордада автобус және такси жүргізушілері екі күнде 131 рет ереже бұзған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жол-көлік оқиғаларына жол бермеуге арналған «Қауіпсіз жол» және «Автобус» Республикалық жедел-профилактикалық іс-шаралары өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі жолдаған ақпаратқа сүйенсек, бұл шаралар қала аумағында жол-көлік оқиғалары мен жазатайым оқиғаларды азайтып, жол ережесін өрескел бұзу фактілерінің алын алуға бағытталған.

Патрульдік полиция полкінің командирі Нұрлан Қалиевтің айтуынша, 17 мамырдан бастап «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы аясында 6540 жол ережесін бұзу фактісі анықталған. Рейд кезінде көлікті мас күйінде жүргізу, жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткеліндегі қозғалыс, жолаушылар мен ауыр салмақты жүктерді тасымалдау, жүргізушілердің рейс алдында тиісті медициналық тексеруден өтуі, қауіпсіздік белдіктері мен балаларды ұстайтын құрылғыларды пайдалану сияқты мәселелерге ерекше назар аударылмақ.

«Екі күн ішінде «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы аясында автобус және такси жүргізушілері жол ережелерін 131 рет бұзған. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушыларын жол жүру ережелерін сақтауға, қырағы және мұқият болуға шақырады», - деп жазылған департаменттің ресми мәліметінде.


Соңғы жаңалықтар