Елордада алғаш әлеуметтік дәріхана ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында алғашқы әлеуметтік дәріхана өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы пандемия етек жайған кезде біз қала бойынша дәрі-дәрмек бағаларына мониторинг жүргіздік. Оның нәтижесінде елордада дәрі-дәрмек бағасының тұрақсыздығын байқадық. Осы орайда өткен жылы күзде қалалық «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, әлеуметтік дәріхана ашу туралы шешім қабылданды. Міне, бүгін елордада алғашқы әлеуметтік дәріхана ашылды», - деді «Астана – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Мирас Шекенов.

Сондай-ақ, жоба жетекшісі дәрі-дәрмек бағасына қатысты түсініктеме берді.

«Мұндағы дәрі-дәрмектер қандай жолмен арзанға сатылуда дегенге келсек, «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы дәріхана ғимаратын ұсынып отыр, яғни жалға төлемейді, тек қана коммуналдық төлемдерді өтейді. Сонымен қатар дәріхананың іші-сыртына құрылыстық жөндеу жұмыстары тегін жасалып берді. Дәрі-дәрмектің бағасына келсек, 3 мың теңгеден қымбат тұратын дәрілер басқа дәріханаларға қарағанда мұнда 4 пайызға арзан, 1 мың теңңге мен 3 мың теңгеге дейінгі дәрі-дәрмектер 6 пайызға арзан, ал 1 мың теңге және одан да төмен бағаны құрайтын дәрілер 15 пайызға дейін арзан», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елорда әкімі Алтай Көлгінов пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «Астана – адалдық алаңы» жобасы жұмысымен танысты.



Соңғы жаңалықтар