Елордада адам қағып өлтірген күдікті бұрын екі рет сотталған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада такси көлігін ұрлап, кейіннен екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен күдікті осыған дейін екі рет істі болған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордада таңғы сағат 06:52-де 102 каналына «Бизон» дәмханасының маңында белгісіз біреу такси жүргізушісін ұрып-соғып, автокөлігін айдап кеткені туралы мәлімет келіп түсті. Осыдан кейін сағат 06:58-де аталған автокөлік Тәуелсіздік көшесінің бойында жолдан өтіп бара жатқан екі жаяу жүргіншіні қағып кеткені анықталды. Бұл оқиғаға байланысты полиция күштері көтерілген болатын. Оқиға орнына жеткен патрульдік полиция жасағы 23 жастағы күдіктіні ұстады», - деп нақтылады елордалық полиция департаментінің бастығы Ержан Саденов.

Белгілі болғандай, күдікті ішімдікке сылқия масайған. Қазіргі кезде ол полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Осы әрекеттерге байланысты ҚР ҚК 345-бабы («Адам өліміне әкеп соққан көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») және автокөлік иесіне күш көрсеткені үшін сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жол-көлік оқиғасы салдарынан 48 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды. 2005 жылы туған жасөспірім түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.

Ержан Саденовтің сөзіне қарағанда, 23 жастағы күдікті осыған дейін бірнеше рет сотты болған. 2013 жылы тонау фактісі бойынша, содан кейін ұрлық үшін іс қозғалған.

«Ал енді 345-бап үшінші тармағы бойынша 5 жылға дейін, сондай-ақ 200-бап аясында 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ескерілген. Жалпы, оның әрекеттеріне қатысты соңғы шешімді сот шығарады. Тергеу барысында полиция оның кінәсін дәлелдеп, жан-жақты қарайды», - деді елордалық полиция департаментінің бастығы.

Соңғы жаңалықтар