Елордада Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына орай конференция өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Әбіш Кекілбайұлы және Ұлы дала руханияты» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауқымды шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі жазушылар, ғалымдар, аспиранттар мен магистранттар жиналды. Олар ЕҰУ Бас ғимаратында орналасқан «Ә.Кекілбайұлы аудиториясын» аралады.

Жиынның ашылу рәсімінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Әбіш Кекілбайұлының отансүйгіштігін айрықша атап өтті.

«Ел Парламентінің Төрағасы, Мемлекеттік хатшы болған Әбіш Кекілбайұлы Отанына қалтқысыз қызмет етудің өнегесін көрсетті. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің біріне айналған ол ұлттық идеологияның қалыптасуында өз қолтаңбасын қалдырды. Осылайша, халқына жасаған қызметі жоғары бағаланып, Қазақстанның Еңбек ері атанды. Кезінде Парламент Сенатында қызметтес болып, жақын сыйласқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш мерейтойының шымылдығын ашқан сөзінде сан қырлы суреткер туралы «Әбіштану дәуірі енді басталды» деген еді. Ал қаламгердің ойшылдығын арқау еткен Сауытбек Әбдірахмановтың «Абыз Әбіш» атты зерттеу кітабының алғысөзінде Президент «Әбіш Кекілбайұлы – халқымыздың рухани әлеуетін әлем алдында ұғындырып беретін алып тұлғаларымыздың бірі де бірегейі» деп айшықтап берді. Түптеп келгенде, Әбішті тану – оның терең ой-парасатына сүйсіндіретін, отансүйгіштік рухын түйсіндіретін ғибраты мол шара. Әбіштанудың терең тағылымы осында жатыр», - ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.

Сонымен бірге, жазушы туып-өскен Маңғыстау облысынан елордаға арнайы делегация келді. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев республика бойынша атқарылған мерейтойлық шараларды баяндады.

«Қазақтың біртуар аптал азаматы, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығы Мемлекет басшылысының тікелей қолдауымен өтіп жатыр. Бұл шаралар Тәуелсіздігіміздің бесігі саналатын, Әбіш Кекілбайұлы 40 жыл тұрып, еңбек еткен Алматыдан бастау алып, өзі туып-өскен Маңғыстауда үш күнге жалғасқан еді. Алматыда жазушы атына көше беріліп, өзі тұрған үйге мемориалдық тақта қойылды. Туған ауылындағы мектепте музей ашылып, жазушының бюсті орнатылды. Облыстық өлкетану музейі қазақ драма театры және облыстық кітапханамен бірігіп, жаңа кешен болып құрылып, Әбіш Кекілбайұлының атымен аталды. Енді үшінші кезеңдегі шаралар астанамызда жалғасуда. Оған Маңғыстау облысынан отызға жуық делегат арнайы келді. Олардың арасында жазушылар, мемлекеттік сыйлық лауреаттары, қоғам қайраткерлері бар», - деді Қ. Жұмашев.

Конференцияға қатысқан испаниялық филолог Хулио Новилло Санчес де Педро Әбіш Кекілбайұлы шығармашылығы туралы өз пікірін білдірді.

«Алғаш рет Әбіш Кекілбайұлының «Аңыздың ақыры» романын ағылшын тілінде оқыдым. Оның туындылары бүкіл әлем оқырмандары үшін өзекті болып саналады, сондықтан да олардың әлем тілдеріне аударылуы тегін емес. Оның шығармалары қазақ әдебиетінің халықаралық беделі үшін де маңызды. Әбіш Кекілбайұлы – шынында да қазақ әдебиетінің ұлы рухын сақтаған жазушы. Оның есімі көркем әдебиет шеберлерінің арасында елеулі орын алады», - деді шетелдік филолог.

Жиын соңында аталған Әбіш Кекібайұлына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияны дәстүрлі түрде өткізу, жазушы шығармаларын БҰҰ тілдеріне аударып, кеңінен насихаттау үшін Ұлттық аударма бюросына ұсыныс жасау, ЕҰУ-дегі «Әбіш Кекібайұлы дәрісханасын» тың материалдармен толықтырып, қайта жабдықтау және Ә. Кекілбайұлының қайраткерлігіне байланысты құжаттарды көп томдық жинақ етіп даярлау жөнінде қарар қабылданды.

Бүгін 5 желтоқсан күні сағат 17.00-де елордадағы Жастар театрында Әбіш Кекілбайұлының «Нар тәуекел» халықтық қаһармандық дастаны қойылады.

Ертең 6 желтоқсанда таңғы 10.00-де ЭКСПО аумағында Әбіш Кекілбайұлы атындағы көше ашылады және Ұлттық пантеондағы жазушы бейітіне гүл қойылып, құран оқылады.

Сонымен бірге, ертең 17.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында Әбіш Кекілбайұлын еске алу кеші өтеді.

Соңғы жаңалықтар