Елордада Abba мен Queen-нің хит әндері медицина қызметкерлеріне арналып шырқалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Астана кештері» Х Халықаралық өнер фестивалінің биылғы гала-концерті медицина қызметкерлеріне арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«MuzVac - үздік музыкалық вакцина!» атауымен өткен «Астана кештері» Х Халықаралық өнер фестивалі халық денсаулығын қорғап, коронавируспен күресте алдыңғы шептен көрінген медицина қызметкерлеріне шынайы алғыс айту мақсатында ұйымдастырылды.

Нұр-Сұлтан қаласы емханаларының қызметкерлері концерттің басты қонақтары болып, әлемге белгілі әртістердің өнерін тегін тамашалай алды. Фестивальдің ұйымдастырушылары оларға көмек ретінде «MuzVac» атты өздерінің жаңа музыкалық вакцинасын ойлап тапты. Бұл – вирусты жеңу үшін иммунитетті нығайтудың, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаудың тиімді құралы.

Музыкалық вакцинаның құрамына сахна майталмандары шырқаған классикалық өнер жауһарлары енді. Көрермендер Италия мен Швецияның танымал жұлдыздары – Антонелло Кароцца, Риккардо Бертоццини, Миа Стегмар - Дженни Тарнебергтің өнерін тамашалады. Оған қоса, белгілі отандық әртістер Ерлан Рысқали мен Әлфия Кәрімова, «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі мен Нұр-Сұлтан қаласы Филармониясының камералық хоры өнер көрсетті.

«Астана кештері» қатысушылары жобаға қуана-қуана келісім берді. Олар пандемия кезінде қайсарлық танықтан дәрігерлерге алғысын білдіріп, фестивальдің ізгі мақсаттарын бөлісуге келді. Бүгінгі әрбір қойылым, әрбір туынды ақ халатты дәрігерлерге арналады», - деп атап өтті дирижер Роберто Молинелли.

Концерттік бағдарлама әлемдегі сан мың тыңдарманға жағымды әсер сыйлаған ХХ ғасырдың үздік туындыларынан құрылды. Атап айтқанда, «АВВА» және «Queen» топтарының танымал әндері, Эннио Морриконенің «Профессионал», «Миссия» сынды әйгілі кинофильмдерге жазылған музыкасы бар. Арнайы осы концерт үшін италиялық композитор Эннио Морриконенің ұлы өз бейнеқұттықтауын жолдады. Ол өнерімен адамдардың жан дүниесін сауықтыруға және жақсылық жасауға ұмтылған Морриконенің музыкасы «Дегдар» қорының қайырымдылық қызметімен үндес екенін атап өтті.

Фестивальдің ұйымдастырушылары – «Дегдар» гуманитарлық қоры, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, JTI компаниясы. Ұйымдастырушылардың баспасөз қызметі мәлімдегендей, фестиваль «MuzVac - үздік музыкалық вакцина!» ұранын арқау етіп, елорда күнін мерекелеу аясында өткізілді.

Айта кетейік, «Астана кештері» өнер фестивалі Дариға Назарбаеваның бастамасымен жас Елордамызға деген зор сүйіспеншіліктің белгісі ретінде дүниеге келгені белгілі. Бұл фестиваль музыкалық өнердің сан түрлі жанрларын біріктіретін ерекше концепцияның арқасында еліміздің мәдени өміріндегі игі дәстүрге айналды. Фестивальдің серіктестері – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы, «Астана Опера» театры, «Хабар» агенттігі.


Соңғы жаңалықтар