Елордада 25 мыңнан астам оқушы бірінші сыныпқа барады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы оқу жылында елордада 25 мыңнан астам оқушы бірінші сыныпқа барады. Құжаттарды қабылдау 20 тамызға дейін жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылында елордада бірінші сыныпқа 25 мыңнан астам оқушы қабылданады. Құжаттарды қабылдау egov.kz электронды үкімет порталы арқылы және қағаз форматта жүргізіледі. Бүгінгі таңда бірінші сыныпқа 21 406 өтініш беріліп, 16 123 өтініш қабылданды.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйектен бастап барлық елордалық мектептер (1-11 сыныптарда) мен колледждерде оқу жылы қашықтан басталады.

Бұл ретте бастауыш сынып оқушылары үшін (1-ден 4-ке дейін) «кезекші сынып» жұмыс істейді. Яғни, ата-аналардың өтініші бойынша, қатаң санитария нормаларын сақтай отырып, «кезекші сыныптар» ашылады. Оқыту бірнеше ауысыммен ұйымдастырылады.

«Сыныптар шағын топтарға бөлініп жинақталады. Осы топтардағы бала саны 10-15-тен аспауы керек. Сабақ бір кабинетте өтеді, үзіліс түрлі уақытта болады. Сонымен қатар, пәндердің бір бөлігі қашықтан жүргізіледі», – деп атап өтті білім басқармасының өкілдері.

Бұған дейін хабарланғандай, Нұр-Сұлтанда 12 мыңнан астам педагог (мектеп, колледж, балабақша тәрбиешілері) қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша онлайн курс оқыды. Балалар, ата-аналар және балабақша қызметкерлері үшін жұмыс алгоритмі жасалды. Барлық нысан санитарлық талапқа сәйкес дайындалған.


Соңғы жаңалықтар