Елордада 2 бала менингит жұқтырды - мамандар үндеу жолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов қала тұрғындарына вирусты менингиттің маусымдық өршуіне байланысты үндеу тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

«Жаңа оқу жылы қарсаңында елордада виррустық менингиттің өршуі күтіледі. Осы жылдың 8 айында Нұр-Сұлтан қаласында вирустық менингит диагнозымен 240 адам, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 173 бала жұқпалы стационарларда емделді. Бүгінгі таңда 58 бала менингит диагнозымен ем алуда. Оқу жылының басында аурушаңдық сақталады. Вирус су мен көкөністер, жемістер, тамақ өнімдері, жуылмаған қол арқылы беріледі. Сыртқы ауа температурасының өзгеруі салдарынан балалардағы иммунитеттің төмендеуі жағдайды қиындатады», - делінген үндеуде.

Ресми ақапарат бойынша, вирусты менингитпен балалар мен жасөспірімдер жиі ауырады, ал ересектер өте сирек шалдығады.

«Егер балаңыз вирусты менингитпен ауырып қалса, үрейленудің қажеті жоқ. Ол бактериялық немесе іріңді менингит сияқты қауіпті емес. Ауруханаға дер кезінде жүгіну қысқа мерзімде сауығып, симптоматикалық ем алуға мүмкіндік береді. Кешігіп емдету ми зақымдануының (менингит/энцефалит) асқынуына немесе вирустың тасымалдауына әкелуі мүмкін», - делінген мәліметте.

Вирусты менингит симптомдары: әлсіздік, бас ауруы, бөртпе болуы мүмкін, асқазан-ішек жолдарының бұзылуы, жоғары температура (құсу, диарея).

Департамент басшысы энтеровирустық инфекцияларға қарсы арнайы дәрілер немесе екпе жоқ болғандықтан, қарапайым және тиімді алдын алу шараларын ұсынған. Олар:

* арнайы ыдыстағы немесе қайнаған суды ішу;

* жеке гигиена ережелерін сақтау;

* жеміс-жидек пен көкөністерді қолданар алдында жуу, мүмкіндігінше қайнаған су мен жемістер беру;

* жүзу бассейндеріне барар алдында өндірістік зертханалық бақылау нәтижелерімен танысу.

7 қыркүйекте № 30 «Қайнар» бала-бақшасының екі баланың сілекейінен вирусты менингит анықталуына байланысты, департамент ауру тіркелген топта шектеу іс-шараларын енгізді. Яғни, жаңа балаларды қабылдауға және балаларды басқа топқа ауыстыруға, сондай-ақ бұқаралық іс-шараларға қатысуға тыйым салынады. Науқас бөбектермен байланыста болған балалар 14 күн бойы бақылауда болады. Байбалам туғызуға негіз жоқ», - делінген департамент таратқан мәліметте.

Вирустық менингит кезінде жедел ем жасап, алғашқы симптомдар кезінде асқынуды болдырмау үшін медициналық көмекке жүгіну маңызды.


Соңғы жаңалықтар