Елордада 100-ден аса жол ережесін бұзған жүргізуші ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Борышкер» жедел-алдын алу шарасы барысында полицейлер 100-ден астам жол ережесін бұзған жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, 5 ақпаннан бастап полиция қызметкерлері жеке сот орындаушыларының, мемлекеттік органдар мен жұртшылық өкілдерінің қатысуымен борышкерлерді, алимент төлемегендерді анықтап, оларға айыппұл төлеу туралы хабарлама жіберіп келеді.

«Борышкер» жедел-алдын алу шарасы әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер бойынша шешімдер мен бұйрықтардың орындалуын бақылау мақсатында өткізіледі. Іс-шара барысында әкімшілік айыппұлдар бойынша борышкерлер, жалған нөмірмен көлік жүргізген, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ тұлғалар, т.б. анықталады.

« Жалпы алғанда, жедел-алдын алу шарасы басталғаннан бері коммуналдық тұраққа 100-ден астам автомобиль қойылды. Олардың ішінде 88 жүргізуші тиісті құжаты жоқ автокөліктерді жүргізген, жалған нөмірмен 5 жүргізушінің көлігі және түрлі сот шектеулері бар 5 автокөлік анықталды. Патрульдеу барысында, полиция қызметкерлері «RANGE ROVER» маркалы автокөлігін ұстады, оның жүргізушісі сақтандыру полисінсіз автокөлік жүргізген. Сонымен қатар, оның «Сергек» камерасымен жалпы сомасы 1,5 млн теңгеге жуық болатын 100-ден астам заңбұзушылық жасағаны анықталған. Оның ішінде жүргізуші жалпы сомасы 926 675 теңгені 69 заңбұзушылық үшін ғана төлеген. Көлік коммуналдық тұраққа қойылды», - делінген баспасөз баянында.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың 16 қаңтарында ҚР ӘҚБтК 743-бабы жаңа 4-тармақшасымен толықтырылды. Ол бойынша айыппұл төлеу туралы шешім автокөлік иесі көрсеткен ұялы байланыстың абоненттік нөміріне SMS хабарлама жіберілген жағдайда тиісті түрде жеткізілген деп танылады.


Соңғы жаңалықтар