Елордада 1 мың қауіпсіздікті бақылау камерасы орнатылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қауіпсіз аула» пилоттық жобасы аясында қосымша бейнебақылау камерасын орнату басталады. Алдағы уақытта қаланың халық тығыз орналасқан аудандарында 1 мың камера орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Бейнебақылау камерасы тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар және саябақ аймақтарына орнатылады. Бұл бастама құқық бұзушылық пен ұрлық санын азайтуға бағытталған.

«Қарқынды өзгеру кезінде және азаматтардың қауіпсіздігі үшін қалада жаңа технологиялық шешім қажет. «Қауіпсіз аула» пилоттық жобасы – бұл бастаманың алғашқы қадамы. Көппәтерлі үйлердің ауласында абаттандырудың бұзылуын және қауіпсіздігін қадағалайтын бейнебақылау камерасымен қамтамасыз ету ұсынылады», делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта жаңа процесс пен құралдар сыналып жатыр. Бейнекамера заңсыз әрекетті анықтау және алдын алу үшін ауладағы жағдайға үздіксіз мониторинг жүргізеді.

Сондай-ақ биыл жедел жәрдемнің, өрт сөндірушілердің және басқа да шұғыл әрекет ету қызметтердің аула аумағына кедергісіз өтуі үшін тәуліктің кез келген уақытында шлагбаумдарды автоматты түрде ашуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «ақылды шлагбаум» пилоттық жобасы іске қосылды.


Соңғы жаңалықтар