Елорда волонтерлері қар күреп жүрген қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық волонтерлер қар күреп жүрген санитарлық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Басымыз қосылып, қала тазалығында жүрген қызметкерлерге көмек болсын деген ниетпен ыстық шай мен ыстық бауырсақ таратып жүрміз. Бұл шараның бәрі «Қайырымды істер марафоны» аясында өтіп жатыр», - деді қалалық жастар саясаты басқармасының бөлім басшысы Ақұлан Тастемір.

Елордалық волонтерлер ыстық шай мен бауырсақ таратып қана қоймай, қар күреу жұмысына да көмек көрсетті.

«Осындай қайырымды іспен айналысып жүрген жастарға көп рахмет. Ауа райының суығына қарамай көше тазалап, бес сағаттан бері қар күредік. Ешқайда шыға алмаймыз. Сіздерге рахмет, бойымыз жылып, әлденіп қалдық», - дейді қар күреп жүрген қызметкер Мақсұт Кенже.

Санитарлық қызметкер Ырысты Нығыманова жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтап өтті.


«Сіздерге көптен көп рахмет. Келген Наурыз мейрамы құтты болсын! Отбасыларыңызға береке, жұмысыңызға табыс тілеймін. Ас таратып, құрмет көрсетіп жатқандарыңызға алғысым шексіз», - деді Ырысты Нығыманова.

Айта кетейік, бүгін қала көшелерінің қарын күреуге екі мыңға жуық жол жұмысшы мен 1400-ден астам техника жұмылдырылды.

Өткен тәулікте қаладан 100 мың текше метрден аса қар шығарылды. Ал елордаға қар жауғалы бері 4 637 884 текше метр қар шығарылды.




Соңғы жаңалықтар