Елорда тұрғындары мен қонақтары қаланың киелі жерлерін аралауда

None
None
НҰР-СҰЛТАН, ҚазАқпарат - Қыркүйек айында басталған экскурсияға 250-ге жуық адам қатысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жобалардың бірі. Елордада «Сакралды география» жобасына енген әртүрлі жерлер бар. Бұл шара мұндай жерлерді қала тұрғындары мен қонақтарына насихаттау және ішкі туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр», - дейді Рухани жаңғыру орталығының басшысы Айзат Жуасбаева.

Шараны Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық даму басқармасы мен Рухани жаңғыру жобалық кеңсесі бірігіп ұйымдастырған.

«Қыркүйек айында басталған жоба желтоқсанның ортасында аяқталады. Ниет білдірген кез келген адам экскурсияға қатыса алады. Қала тұрғындары елордада орналасқан көпғасырлық тарихы бар мұсылман медресесі, Сәкен Сейфуллин мұражайы туралы біле бермейді. Экскурсия барысында олар осындай көне ғимараттарды аралап, білімін тереңдетеді», - дейді ол.

Орталық басшысы осы уақытқа дейін экскурсияға 200-250 адам қатысқанын айтты.

«Бұл экскурсияға мамандар да, оқушылар да өз еркімен, қызығушылық танытып келіп жатыр. Экскурсия әр аптаның сәрсенбісінде өтеді»,- дейді Айзат Жуасбаева.

Экскурсияға қатысқан оқушылар алған әсерімен бөлісті.

«Бұл экскурсиядан керемет әсермен қайтып барамын. Ақын, ағартушы Сәкен Сейфуллин туралы көп мағлұмат алдық. Достарыма «Бір сәтке тоқтап, осы күнге жету үшін қандай оқиғаларды бастан өткізгеніміз туралы ойланайық» демекпін», - дейді №56 мектеп-лицейінің оқушысы Темірлан Нұрсұлтанов.

Соңғы жаңалықтар