Елорда тұрғындары әкімге тұрып жатқан үйлерінің қасбетіне қатысты шағым түсірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Инфинити 1» мен «Инфинити 2» тұрғын үй кешенінің тұрғындары елорда әкімі Алтай Көлгіновке тұрып жатқан үйлерінің қасбетінің құлауына байланысты шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті Алтай Сейдірұлы! Сізге Қабанбай батыр 40 және 42 мекенжайындағы «Инфинити 1» мен «Инфинити 2» тұрғын үй кешенінің тұрғындары кешеннің қасбетіндегі айтарлықтай ақауларға байланысты жүгініп отыр. Үйіміз 2011 жылы пайдалануға берілген. Құрылысшысы - «Альянсстройинвест» ЖШС. Тұрғын үй кешеніне қоныстанған сәттен бері жыл сайын үй қасбетінің құлауына куә болып отырмыз. «Альянсстройинвест» ЖШС-іне жүгінулеріміз еш нәтиже бермей отыр. Осыған байланысты біз 2017 жылы техникалық зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде үйдің қасбетін қалау технологиясының бұзылуы анықталды», - деп жазды Facebook-те Шолпан Дақпыртова.

Оның айтуынша, 2018 жылдың 19 желтоқсанында аталған тұрғын үй кешенінің тұрғындары сотқа «Альянсстройинвест» компаниясына мәжбүрлі түрде үй қасбетін ауыстыру туралы шағым түсірген. Сот барысында құрылыс компаниясының қасбетті қалау барысында қателіктерге жол бергені анықталып, оны қайтадан салу туралы шешімі болған. Алайда әлі күнге дейін құрылыс компаниясы сот шешімін орындамай отыр.

Осы мәселеге қатысты түсініктеме берген елорда әкімдігінің баспасөз қызметі «Альянсстройинвест» компаниясының аталған тұрғын үй кешендеріне жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде компания әкімшілік жауапқа тартылғанын, материалдар сот органдарына жіберілгенін атап өтеді.

«Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер« тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарылатын қаражат есебінен үйлердің қасбетіне жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге жәрдем бере алатындығын атап өткен жөн», - деді әкімдіктен.

фото: facebook.com/photo.php
Соңғы жаңалықтар