Елорда полициясы интернет арқылы жасалатын тағы бір қылмысты әшкереледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың полиция қызметкерлері Instagram әлеуметтік желісінде жалған аккаунт құрып, онда әйелдерге арналған киім сатамын деп адамдарды алдаған 31 жастағы әйелді ұстады.

Бұл туралы ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Алаяқ әйел желідегі парақшасына түрлі киімдердің суреттері мен оларға жеңілдіктер туралы ақпарат орналастыратын болған. Өзінің «тауарына» қызығушылық танытқан адамдармен мессенджер арқылы байланысқа шыққан ол алатын заты үшін тұрғындардың банк карточкасына алдын ал төлем жасауын талап еткен.

Алаяқ әйелдің бұл әрекетінен Нұр-Сұлтан қаласының 41 жастағы тұрғыны зардап шекті. Ол «сатушының» карточкасына 83 250 теңге көлеміндегі ақшасын аударған. Ақшаны алған «саудагер» аккаунтын бұғаттап, ұялы телефонын өшіріп тастаған.

Қазіргі кезде ұсталған әйелге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен (алаяқтық) сот алдындағы тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Интернетте жеңілдіктері бар әдемі киімдер мен заттар туралы аккаунттар адамдарды қызықтырмай қоймайтыны белгілі. Олардың көбі тауардың бар-жоғына көз жеткізбестен, электрондық әмиянға алдын ала төлем жасайды»,-дейді баспасөз қызметінен.

Осы ретте олар интернет-сауда жасау барысында алаяқтардың әрекеттерінен сақтану үшін есте ұстау қажет бірнеше мәселені атады:

- Сатушының телефон нөмірі мен мекенжайының жазылмауы;

- Сатушымен байланыс тек телефон арқылы ғана жүргізіледі;

- Тауардың бағасы басқа сатушылардың осындай тауарға ұсынып отырған бағасымен салыстырғанда тым төмен.

«Нұр-Сұлтан қаласының полициясы түрғындарды Интернет арқылы тауар сатып алу кезінде қырағылық танытуға шақырады. Егер сіз интернет-алаяқтардың әрекеттерінен зардап шеккен болсаңыз, мына телефон нөмірлеріне хабарласуыңыз қажет: 71-67-10, 71-66-10, 71-65-58, немесе 102»,-делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар