Елорда мен 5 облыста жол салу талаптары бұзылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен жылы еліміздің 5 облысы мен елорда көшелерінде асфальтбетон жамылғысының қалыңдығы және тығыздығына байланысты өрескел бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алаңында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2019 жылдың қорытындысы бойынша жалпыға ортақ жолдарға 8 мыңнан астам тексеру, 12 мыңнан астам құрылыс материалдарына зертханалық тексерулер жүргізіліп, 5 мыңнан астам ақау анықталып отыр», - деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК бас директорының орынбасары Дархан Сақанов.

Талдау қорытындысы бойынша, 2019 жылы Ақмола, Қостанай, Шығыс және Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарының жолдарында және Нұр-Сұлтан қаласының көшелерінде асфальтбетон жамылғысы қалыңдықтары мен тығыздықтарының сәйкес келмеуі, суға қанығу мөлшерінің рұқсат етілген деңгейден асып кетуі сияқты өрескел бұзушылықтары анықталған.

Сапа орталығының қызметі нәтижесінде 700 млн теңгеден астам сомаға құрылыс жұмыстары қайта жасалды.

«Жергілікті желідегі жолдардағы анықталған бұзушылықтар туралы ақпарат Мемлекеттік сәулет – құрылыс басқармасына жіберіліп, нәтижесінде мердігер, жобалаушы және техникалық қадағалау қызметі жалпы сомасы 1,5 миллион теңге әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді Дархан Сақанов.


Соңғы жаңалықтар