Елорда көшелерін қардан тазалауға қосымша техника жұмылдырылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Боран салдарынан елорда көшелерін қардан тазарту үшін қосымша техниканы жұмылдыру қажеттігі бар. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің айтуынша, елорданың маңындағы елді мекендерге қоғамдық көлік қатынасын қалыпқа келтіру шаралары қолға алынды.

«Жолды тазалауға шыққан техника бір жүріп өткеннен кейін, арада 5-10 минутта жолдарды қайтадан қар басып жатыр. Ақмола облысының аудандарымен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Ең бастысы, қазір қоғамдық көлік қозғалысын тұрақтандыру. Таңертең қиындықтар болғанын байқадыңыздар. Тек қаланың сыртында емес, шаһардың аумағындағы көшелерде де автобус қозғалысы қиындады», - деді Алтай Көлгінов қалалық ТЖ департаментінде өткен отырыста.

Осы орайда ол көшелер мен жолдарды қардан тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізілетінін атап өтті.

«Қар әлі де түседі, сондықтан жағдайға нақты баға беру керек. Барлық қызметтерді жұмылдырамыз. Боранды ескере отырып, құрылыс және жол қызметі ұйымдарынан қосымша техника тарту қажеттігі бар. Қазіргі уақытта 1 мыңнан астам өзіміздің техника бар», - деді қала әкімі.

Қазіргі уақытта қарды шығару үшін жүк көліктері мен қарды тиейтін арнайы техника, сондай-ақ жолды тазалайтын автогрейдерлерді қосымша тарту керек.

«Шынын айтқанда, «Астана Тазалық» техникасының 40 пайызға жуығы жарамсыз, тозығы жеткен. Сондықтан біз техника сатып алуға қаражат бөлдік. Соның 130 техникасы келді», - деді Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар