Елорда колледждері қандай мамандықтар бойынша тегін білім береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова астаналық колледждерде кәсіптік-техникалық білім гранттары қандай мамандықтарға бөлінгенін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, елорданың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 26 492 студентті қамтитын 34 колледж (9 мемлекеттік, 25 жеке меншік) бар. Биыл соның 25-і мемлекеттік тапсырыс бойынша мамандар даярлауға атсалыспақшы.

«Мамандарды даярлау 77 мамандық және 122 біліктілік бойынша келесі бағыттарда жүргізіледі: сервис және қызмет көрсету, білім беру, медицина, құрылыс, коммуналдық шаруашылық, техника, энергетика және көлік, өндіріс, монтаждау, пайдалану және жөндеу, байланыс, телекоммуникация және ақапарттық технологиялар», - деген басқарма өкілі биыл қандай мамандықтарға басымдық берілетінін атады.

«Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы шеңберінде 2021-22 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы 15 бағыт бойынша және 4752 орынға 49 қажетті мамандық бойынша қалыптастырылды. Оның ішінде 1050 орын «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмысшы біліктіліктері бойынша тегін беріледі. Былтырғымен салыстырғанда, мемлекеттік тапсырыс 100 орынға көбейтілді. Мектептер мен балабақшалар санының ұлғаюына, сондай-ақ, ақпараттық технологиялар саласының дамуына байланысты елордада білім беру және ақпараттық технологиялар, сервис және қызмет көсрету, құрылыс, коммуналдық шаруашылық саласындағы жұмысшы кадрларға қажеттілік өсуде. Осыған байланысты биыл аталмыш қызмет салаларына кадрлар даярлауға арналған орындар саны артты. 2021 жылы техникалық және кәсіптік білім беру кадрларын даярлау бойынша мемлекеттік тапсырысқа қатысу үшін 25 колледж (9 мемлекеті, 16 жеке меншік) өтінім берді», - деді Римма Иманғазинова.

Сондай-ақ, ол 20 масумыға дейін өңірлік комиссияның шешімімен мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін колледждердің нақты тізімі бекітілетінін мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар