Елорда дәріханаларында препараттың шекті бағасын көрсететін QR-код орнатылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда дәріханаларында әлеуметтік маңызы бар препараттардың шекті бағасын білуге болатын QR-кодтар орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің елордалық департаментіндегі превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Марат Хайруллин айтып берді.

«Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұсынысымен Нұр-Сұлтан қаласының дәріханаларында препараттың шекті бағасы туралы QR-код орнатылды. Яғни, халық дәрілік препараттардың шекті бағасын көріп, дәріхана бағасымен салыстыра алады. Мұнда әкімдіктермен бірлесіп жұмыс жүргізілді және халыққа ыңғайлы болуы үшін жасалды», - деді Марат Хайруллин «СҚ-Фармация» ЖШС елордалық логистикалық хабында өткен мониторингте тілшілерге берген сұхбатында.

QR-код арқылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі барлық дәрілік заттардың шекті бағасын көруге болады.

Сонымен бірге, департамент өкілі дәрі-дәрмек бағасы қымбаттаған жағдайда тұрғындардың қайда жүгіне алатынын түсіндірді.

«Бізде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша медициналық фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті бар. Олар дәрі-дәрмек бағасын қадағалайды. Құқықбұзушылық анықталған жағдайда, бұл іспен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің тергеу бөлімшесі айналысады Ал біз тек профилактикалық жұмыстарды ғана жүргіземіз», - дейді М. Хайруллин.

Айта кетейік, «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сақталатын «СҚ-Фармация» логистикалық хабына мониторинг жүргізді.

Елордалық бірыңғай дистрибьютор Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары және Нұр-Сұлтан қаласындағы 85 медициналық ұйымды дәрімен қамтамасыз етеді.


Соңғы жаңалықтар