Елорда базарларында саннорма бойынша көптеген құқықбұзушылық анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының базарлары санитариялық нормалардың сақталуы бойынша тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тексеру жұмыстары құқық қорғау органдарының, тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздікті қадағалау басқармасы өкілдерінің және басқа да мүдделі мемлекеттік қызметкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өтті. Санитарлық нормалардың сақталмауына байланысты бірнеше әкімшілік хаттама толтырылды.

Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен демалыс күндері жабық базарлардың қызметіне тыйым салынғанына қарамастан, олардың көпшілігі жұмыс істейтін болып шықты. Ол жақтарда адам көп жиналған.

Мәселен қаладан шыға берістегі Шанхай базарына қарама-қарсы Шарын базарының жұмыс істеп тұрғаны белгілі болды. Рейдке қатысушылар көкөністер мен жемістердің, сондай-ақ басқа да азық-түлік өнімдерінің саудасы еркін сатылатын жабық жұмыс істейтін павильонды анықтады. Тексерулер барысында санитарлық нормаларды барлығы сақтамайтындығы, кейбір сатушылар масканы қате киетіні, ешқандай маскалардың тұрмағаны белгілі болды. Сондай-ақ санитайзерлер де болмаған.

«Мұнда 300-ге жуық кәсіпкер жұмыс істейді. Біз санитарлық нормалардың сақталуын бақылауға тырысамыз. Бізге демалыс күндері жұмыс істеуге болмайтынын білмедік. Әрине, мұндай рейдтердің өткізіліп тұрғаны дұрыс. Б0із барлық ескерту бойынша кемшіліктерді түзетуге тырысамыз. Бұрын сауда тек көшеде жүргізілетін, бірақ күннің күрт суытуына байланысты барлығы осы жабық павильонға келді», - дейді базар бақылаушысы Айылхан Қалмырзаев.

Шарынның жанында тағы бір жабық базар бар. Бірақ мұнда тек бірнеше павильон жұмыс істеп тұр екен. Алайда ол жерлерде де санитайзерлер мен маскалар болмай шықты.

Орталық базарда мұндай заңбұзушылықтар анықталмады. Жабық павильондардың барлығы ашылмаған. Ашық жерлерде сауда бар. Әйтсе де олардың бәрі бірдей маска тағып жүрген жоқ. Жақын маңдағы «Самғау» жабық базары да демалыс күндері жұмысын тоқтатпаған.

Анықталған барлық заңбұзушылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, олардың иелеріне қазір ірі көлемде айыппұл салынды.

«Негізінен біз карантин шараларының сақталуын санитарлық дәрігердің бұйрығына сәйкес жүргіземіз. Көбінесе жұмыс уақытын сақтамау, маска тақпау, санитайзерлердің болмауы, әлеуметтік арақашықтықты сақтамау секілді жағдайлар жиі кездеседі. Сауда үйлерінде кассалардың жанында адамдар жиі жиналып қалады. Барлығы термометриядан өте бермейді», - дейді Байқоңыр ауданының тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздікті қадағалау басқармасының басшысы Салтанат Ықыласова.

Оның айтуынша, шілдеден бастап бүгінгі күнге дейін елордада кәсіпкерлік субъектілеріне жалпы сомасы 133 766 808 теңгені құраған 627 әкімшілік хаттама толтырылған. Бүгінгі күні олардың 509-ы 110 196 325 теңге көлемінде айыппұлдарды өтеп, төрт материал сотқа жолданған.

Санитариялық нормаларды бұзғаны үшін шағын бизнеске 230 АЕК, орташа бизнеске 430 АЕК, ірі кәсіпкерліктің өкілдеріне 1600 АЕК айыппұл салынады.

Айта кетсек, жалпы құзырлы органдарының рейдтерімен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен жалпы қоғамдық бақылау жұмысы бүкіл республика аумағында жүргізіліп жатыр. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін 5 шілдеден бері бүкіл елде кәсіпкерлік субъектілері мен жеке тұлғаларға қатысты 15817 әкімшілік хаттама (ҚР ӘҚБК 425-бабы 1-бөлігі) толтырылып, оларға жалпы сомасы 894,8 млн теңгенің айыппұлы салынған. Оның ішінде жеке тұлғалар 307,4 млн теңге көлемінде жауапкершілікке тартылған.

Бұзушылықтар саны бойынша ТОП-3 аймақтар: Алматы қаласы (3837 хаттама), Түркістан облысы (2974 хаттама) мен Қостанай облысы (1323 хаттама) болып отыр.


Соңғы жаңалықтар