Елорда әуежайында авиаотын таусылды – кей ұшақтар ұшпауы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елдегі авиажанармай тапшылығынан елорда әуежайының үздіксіз жұмысына нұқсан келуі мүмкін. Қазір астаналық әуежайда әуе компаниялары үшін, тіпті тұрақты жолаушылар рейстері үшін де авиакеросинмен үздіксіз қамтамасыз етуде олқылық бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы қыркүйек және қазан айларында Қазақстанда отын тапшылығына байланысты күрделі жағдай байқалды. Қазақстанның ірі ресурс ұстаушылары мен жеткізушілері авиаотынды уақытылы жеткізе алмай отыр, бұл қазіргі уақытта әуежайдың өңірлік көлік торабы ретінде қалыпты жұмыс істеуіне кері әсерін тигізуде. Мәселен, қазір Ресей Федерациясының өнім жеткізушілері бірқатар себептерге, оның ішінде ішкі сұраныстың артуына байланысты Қазақстанға авиаотын жеткізуден бас тартты», - деді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ баспасөз хатшысы Әнуар Шалекенов.

Нұр-Сұлтан әуежайы авиаотын жеткізу туралы қатаң келісімшарттардың жоқтығын, сондай-ақ отынның қажетті көлемінің жеткізілмеуінен болған қиын жағдайды және әуежайдағы бар резервтің іс жүзінде жұмсалғанын ескеріп, жолаушылардан алдағы уақыттарда болуы ықтимал проблемаларға түсіністікпен қарауды сұрайды.

Қыркүйек пен қазан айларында тапшылық пен бағаның күрт өсуіне байланысты 14 мың тонна авиаотын жеткізілмеген. Осыған байланысты бүгінгі таңда резервтер таусылған.

«Қараша айында бірде-бір жеткізуші авиаотын жеткізу көлемін растамады. Жаңа келісімшарттар бойынша ең жақын арадағы жеткізу 15 қарашада болуы мүмкін. Біз жүк рейстеріне жанармай құюға шектеулер енгіздік және жақында оларды мүлдем қабылдамауға мәжбүр боламыз. Содан кейін бұл авиакомпанияларды Қазақстанға кері қайтара алмаймыз», - дейді Әнуар Шалекенов.


Соңғы жаңалықтар