Елорда әуежайы мүгедектігі байқала бермейтін жолаушыларға қызмет көрсетеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық әуежай көрінбейтін мүгедектігі бар жолаушыларға қызмет көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпаарат әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы аутистік спектрі бұзылған және менталды ауытқуы бар жолаушыларға қызмет көрсету бойынша дамыған елдердің озық тәжірибесін енгізді.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы, Autism Kazakhstan ұлттық қауымдастығы өзара бірлесіп жолаушыны, багажды және жүкті әуе көлігімен тасымалдау қағидасына өзгеріс енгізді.

«Жобаның басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін ұшу сапарын барынша жайлы ету. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында аутизм, деменция, Альцгеймер ауруы және басқа да менталдық бұзылу секілді мүгедектігі көрінбейтін жолаушылар үшін жағдай жасалған. Мүгедектіктің бұл түрі бар адамның денсаулығында қандай да бір шектеудің бары байқалмайды, бірақ мұндай жолаушы әуежай қызметкерінің қосымша көмегін қажет етеді», делінген хабарламада.

Тиісті куәлігі болған жағдайда осындай жолаушыға басым тәртіппен қызмет көрсетіледі. Оған әуежайда жасырын мүгедектіктің халықаралық белгісі - сары күнбағыс үлгісі бар тиісті ланьярдтар (лента) беріледі. Ол үшін авиабилетте көрсетілген ұшып шығу уақытынан 48 сағат бұрын қызмет көрсетуге өтінім беру қажет.

«Ланьярд авиациялық қауіпсіздік, тіркеу, сондай-ақ әуежайда шекара және кеден қызметкерлеріне көрінбейтін мүгедектігі бар жолаушыларды сәйкестендіруге мүмкіндік береді (оларды алып жүру және рәсімдерді басым тәртіппен өту үшін). Әуежайға келгеннен кейін аутистік спектрі бұзылған жолаушының алып жүретін адамы арнайы ланьярд алу үшін анықтама бюросына жүгіне алады. Қажет болған жағдайда жолаушы аэровокзалда және ұшаққа дейін жүріп-тұруға мүгедек арбасын, сондай-ақ ана мен бала бөлмесін пайдалана алады», делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар