Елорда әкімдігі ПИК-тердің қызмет сапасын жетілдіруге көңіл бөліп отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қаладағы пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) жұмысын жетілдіруге жіті көңіл бөліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы ПИК жұмысын жақсартуды ұсынды. Себебі бұл ұйымды жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде қарастыруға болады. Күш біріктірсек, елеулі нәтижелерге қол жеткізе аламыз», - деді елорда әкімі ҮЕҰ өкілдерімен кездесуде.

Алтай Көлгіновтің тапсырмасы аясында қала тұрғындарының ПИК және басқарушы компаниялардың жұмысына қатысты елорда әкімдігінің iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығына білдірген шағымдарына талдау жүргізілді. iKOMEK109 орталығының ақпараты бойынша ағымдағы жыл басынан бері КПТҮ тіршілігін қамтамасыз ету қызметтері бойынша қала тұрғындарынан 25 275 өтініш келіп түсті. Оның ішінде жағдаят – 24 888, шағым – 332, ұсыныс – 43 және алғыс – 12.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың шілдесінен бері елорда әкімдігі алаңында әкімнің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің төрағалығымен апта сайын ең тиімсіз ПИК пен лифт ұйымдары шақырыла отырып, жиындар өткізіліп келеді. Өтетін жиын нәтижелері бойынша оң өзгеріс байқалады. Сонымен қатар ПИК-тер мен Басқарушы компанияларға келіп түсетін өтініштер саны да төмендеді.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында КПТҮ-ге қызмет көрсету саласында 488 ПИК пен Басқарушы компания жұмыс істейді. Елордалық ПИК-тердің қызмет көрсету сапасын жақсарту жұмысы жалғасып келеді. Қалалық iKOMEK109 орталығы елорданың әрбір ПИК-імен қоян-қолтық жұмыс жасауға мүмкіндік беретін жобаны бастама етіп көтерді, ал ПИК-тер өз кезегінде азаматтардың өтініштері бойынша әлдеқайда жылдам жұмыс жасайтын болады.

Осылайша, ағымдағы жылдың 18 қарашасында Қалалық iKOMEK мониторинг және жедел әрекет ету орталығы алаңында пилоттық жоба ретінде іріктеліп алынған 10 қызмет көрсетуші ПИК төрағаларымен жиын болып өтті. Елордада қызмет көрсетілетін үйлердің жалпы саны 300 тұрғын үй кешенін құрайды.

Пилоттық режимде елорданың 10 ПИК-і төрағаларының смартфондарында iKOMEK109 мобильді қосымшасы қолжетімді болды. Онда олар онлайн режимде өздері қызмет көрсететін аумаққа қатысты барлық өтініштерді алып отырады. Сондықтан азаматтар тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласына қатысты өздерін мазалаған сұрақтарға жауапты тікелей ала алады. Тұрғын тек кез келген ыңғайлы байланыс арнасы арқылы iKOMEK109-ға өтініш беруі қажет. ПИК төрағалары тұрғындардың әрбір өтінішін жеке бақылауда ұстайтын болады.

Соңғы жаңалықтар