Елорда әкімдігі биыл мемлекеттік қызметтерді 100 пайыз цифрландырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігі биыл мемлекеттік қызметтерді 100 пайыз цифрландырады. Бұл туралы Үкімет отырысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 158 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Жыл басынан автоматтандырылған қызметтер санын 132-ден 154-ке дейін ұлғайттық. Егер өткен жылы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру деңгейі 73 пайыз болса, қазіргі уақытта ол 97,5 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін 100 пайыз мемлееттік қызметтерді цифрландыруды көздеп отырмыз», - деді ол.

Қала басшысының айтуынша, бүгінгі күні Iqala орталығы бір терезе форматында тікелей 134 қызметті ұсынады. Жыл соңына дейін оған тағы 16 қызмет қосылады.

«Өткен жылы 10 қызметпен бастаған болатын. Жалпы осы уақытқа дейін 55 мыңнан астам қызмет көрсетілді», - елорда әкімі.

Сонымен қатар ол тұрғындарға ыңғайлы жағдай тудыратын, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға әсер ететін кейбір нәтижелерге тоқталды.

«Бұрын инженерлік желілерге қосылу үшін азаматтар мен кәсіпкерлер әрбір монополиске барып, қыруар уақыт және қаражат жұмсауға мәжбүр болатын. Мәселен, пәтер сатып алғанда құжаттарды қайта тіркеу үшін «Астана су арнасы», «Астана энергосбыть» сынды мекемелерге бару қажет еді. Енді оны Iqala орталығында немесе веб-сайтта бір қосымшамен жасауға болады. Өтініш берушіге өзінің құжаттарының дайындығы туралы 3 күн ішінде смс хабарлама келеді және жеке кабинетінде қол қойылған жеке келісімшартты ала алады», - деді Алтай Көлгінов.

Мұнан бөлек елорда әкімі мектептерде тамақтандыруды қолма-қол есеп айырысу жобасы енгізілгенін, қоғамдық көліктердің барлығы электронды төлем жүйесімен жабдықталғанын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар