Елорда әкімдігі 150 қызметті электронды форматта көрсетеді

None
None
НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласындағы бос жер телімдерін арнайы порталдан іздеп табуға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен семинар кеңесте айтты.

«Тұрғын үй шаруашылығында «Қаланың геоақпараттық порталы» жобасы іске асырылып жатыр. Соның көмегімен кез келген қала тұрғыны өзін қызықтырған жер телімі туралы ақпаратты порталдан ашық көре алады. Президент тапсырмасымен Жер кодексі жаңартылып жатқанын білесіздер. Соның аясында осы жобамызды таныстырамыз. Қаладағы бос жер телімдерінің тізімі, олардың қайда орналасқаны туралы ақпараттың бәрін порталға орнату бойынша Үкіметпен жұмыс істеп жатырмыз», - деді әкімдік өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, қазір қала әкімдігі тұрғындарға барлық қызметтерді электронды форматта ұсына бастаған.

«Былтырдан бері «Нұр-Сұлтан – ақылды қала» жобасын қолға алдық. Соның аясында барлық мемлекеттік қызметтерді цифрландыру керек болатын. Қазір барлық 150 қызметті іс жүзінде цифрландырдық. Яғни бәрі электронды форматта қолжетімді. Өйткені халық тарапынан, қоғамдық ұйымдар тарапынан қағазбастылық туралы көптеген сұрақтар болды. Бұл қызметтерді адам қолынан алу ұзаққа созылатындықтан жемқорлық тәуекелдері де бар еді. Сол үшін бүкіл мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіріп, арнайы платформа құрдық», - деген Бақтияр Мәкен кәсіпкерлерге арналған IQala сайты ашылғанын, соның аясында 150 қызметті тәулік бойында қашықтан алу мүмкіндігі туғанын жеткізді.

«Білім саласын да цифрландырып жатырмыз. Қазір ата-аналар балаларының мектепте қандай тамақ ішкенін өздері қадағалай алатын жағдай жасадық. Балаларды тамақтандыру жүйесі толықтай автоматтандырылды. Балалардың қауіпсіздігі үшін 4 752 бейнекамера алынып, барлық білім беру ошақтарына орнатылды. Денсаулық сақтау саласында электронды денсаулық паспорты жасалды. Емделушілер өзі қаралған мекеменің QR-кодын енгізу арқылы iKOMEK платформасына шағымдар мен ұсыныс жолдай алады», - деді елорда әкімінің орынбасары.

Бақтяр Мәкен қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізудің арқасында көлеңкеге кететін төлемдерді жарыққа шығарғанын да айтты.

«Көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоғамдық көліктерді 100 пайыз электронды төлемге ауыстырып жатырмыз. Электронды төлемнің үлесі күн санап арттып келеді. Бұрын көлеңкеде қалып келген 40 пайыз ақша жарыққа шықты», -деді әкімнің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар