Еліміздің өнеркәсіптік саясаты қалай өзгереді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін «Өнеркәсіптік саясат туралы» бірізді заң әзірлеуді Үкіметке тапсырған болатын.

Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында да әзірленіп жатқан аталған заңның еліміздің өңдеу өнеркәсібі алдында тұрған сауалдарға жауап беруі тиістігін баса айтқан еді. Күні кеше Сенаттың жалпы отырысында бұған дейін Мәжілісте жан-жақты талқыланып мақұлданған «Өнеркәсіптік саясат туралы» және оған ілеспе заң жобалары қабылданды. Енді бұл құжат Президент қол қойғаннан кейін күшіне еді.

Шикізатпен қамту, өндіріс процесін үйлестіру

Сонымен басты мақсаты бәсекеге қабілетті жоғары технологиялық әрі экспортқа бағдарланған өнім өндірісін ұлғайтуды, дамудың шикізаттық моделінен бас тартып, өңдеуші өнеркәсіптің тұрақты өркендеуін қамтамасыз етуді көздейтін құжат күшіне енгеннен кейін қандай өзгеріс орын алмақ? Отандық өндіріс шикізатпен қалай қамтылмақ? Бұл сауалдардың жауабы заңда нақты қамтылған. Ең алдымен шикізат өндіруші, қайта өңдеуші және салалық мемлекеттік орган арасында өнеркәсіпті отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі үшжақты келісімдерге қол қойылады. Келісім шикізатты жеткізу көлемін, толық қайта өңдеу бойынша міндеттемелерді және ең бастысы ерекше бәсекелі баға белгілеуді көздейді.

Өндіріс процесін ынталандырудың жаңа құралы - өнеркәсіптік грант енгізіледі. Грант бірге қаржыландыру негізінде өндірісті технологиялық жаңғыртуға беріледі. Мемлекеттік ынталандырудың барлық іс-шарасы орта және жоғары бөліністегі өнім өндірушілерге ұсынылады. Әдістеме негізінде өнімнің тиісті тізбесі бекітіледі. Осылайша, қайта өңдеуді тереңдетуге назар аударылады. Сонымен қатар көрсетілетін іс-шаралардың тиімділігін арттыру үшін қарсы міндеттемелер енгізіледі. Олар бизнестің алып отырған іс-шараларының түрі мен көлемін ескере отырып айқындалады. Кәсіпорын міндеттемелерді орындамаған жағдайда оларды орындау деңгейіне қарай бюджет қаражатын қайтаруы тиіс болады. Мұнан бөлек бәсекеге қабілеттілікті арттыру туралы келісім енгізіледі. Ол ынталандыру іс-шараларының аралас топтамасыз алуға жол ашады. Өнеркәсіпті дамыту қорының үш пайыздық жеңілдетілген қаржы ұсынады. Жүйеқұраушы кәсіпорындарды цифрлық трансформациялауға да баса назар аударылады. Кәсіпорындарға цифрлық трансформация жүргізу үшін қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және шетелдік мамандарды тарту, басқарудың жаңа әдістерін енгізу тетіктері көзделген. Өндіріс процесіне қатысты тағы бір жаңалық - жылдан жылға ұсынылатын мемлекеттік ынталандыру іс-шараларының тізбесін кеңейту. Ал бұл өз кезегінде бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауды талап етеді. Сондықтан барлық ынталандыру іс-шаралары «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы «бір терезе» қағидаты арқылы жүзеге асырылады.


Нарықтарда өнімді өткізуге ықпал ету

Заңда отандық өнеркәсіп өнімдерін нарықтарда ілгерілетуге ықпал ету тетіктері де қарастырылған. Біріншіден, офтейк-шарт және офсеттік мәмілелер жасау көзделеді. Яғни, кәсіпорындарға 3 және одан да көп жылға ұзақмерзімді шарттар жасасу мүмкіндігі беріледі. Тапсырыс берушілер – мемлекеттік, квазимемлекеттік сектор субъектілері және жер қойнауын пайдаланушылар. Офтейк-шарттар екінші деңгейдегі банктер мен Қазақстанның Даму банкінде кредит беру үшін кепіл нысанасы болуы мүмкін. Ал офсеттік мәмілелерді іске асыру бірлескен кәсіпорындар құру және технологиялар трансферті, оның ішінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға инвестициялар тарту, технологиялық құжаттама беру және инфрақұрылымды дамыту арқылы ішкі өндірісті дамытуға мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді шарттар жасасу мүмкіндігі кәсіпорындар үшін өндірістік қызметті ұзақ мерзімге жоспарлауға, өндіріске инвестициялауға жол ашады. және тағы басқа мүмкіндіктер береді. Екіншіден, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі өтпелі кезеңнің аяқталуына байланысты жергілікті қамту жөніндегі талаптар жойылады. Осыған орай «Елішілік құндылық» термині енгізіледі. Бұл термин жергілікті қамтуды дамытуға мониторинг жасауға және ынталандырудың жаңа іс-шараларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, өнімді ілгерілету бойынша ынталандырудың жаңа құралы – экспорттық кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау көзделген. Ол отандық жоғары технологиялық өнімнің сатып алу қабілетін ынталандырады.

Мұнан бөлек заңда жүйелік сипаттағы бірқатар жаңалық бар. Атап айтар болсақ, бүгінгі таңда өнеркәсіптік саясатты әртүрлі мемлекеттік органдар іске асырады. Оның тиімді жүргізілуі үйлестірілген іс-қимылдарға байланысты. Осыған орай Премьер-Министрдің орынбасары төрағалық ететін Ведомствоаралық комиссия құрылады. Сонымен қатар бизнес проблемаларына уақытылы ден қою үшін Үкіметке ынталандырудың жаңа іс-шараларын бекіту және қолданыстағы іс-шараларды қайта қарау құзыреті беріледі. Мемлекет басшысының атына енгізілетін Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің жай-күйі туралы ұлттық баяндаманы Үкімет қалыптастырады. Ол өнеркәсіптік саясатты жоспарлау мен қалыптастырудың басты құралы болады.


Соңғы жаңалықтар