Еліміздің ауасы лас 10 қаласы газбен не баламалы қуат көзімен қамтылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің ластанған 10 қаласын орта мерзімді кезеңде газға немесе баламалы қуат көздеріне көшіру жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, Президент Жолдауын іске асыру жалпыұлттық жоспарының төртінші бағытында 22 іс-шараны іске асыру көзделген. Атап айтқанда, «Агломерацияны дамыту туралы» Заң әзірленеді. Жалпыұлттық басымдықтарға сәйкес Өңірлердің даму жоспарларын өзектендіру көзделеді. Стратегиялық инвесторларымен бірлесіп, елімізде кем дегенде 2 400 мегаваттық жаңартылатын қуат көзі іске қосылады.

«Еліміздің ластанған 10 қаласын орта мерзімді кезеңде газға немесе баламалы қуат көздеріне көшіру жоспарлануда. Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде барлық қалалар мен ауылдар таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Су ресурстарын ұқыпты пайдалану мақсатында 120 арна реконструкцияланады және 9 жаңа су қоймасы салынады», -деді ол.

Оның атап өтуінше, бюджет үдерістерін жеңілдету, бюрократияны барынша азайту және цифрлық тәсілдерді қолдануды кеңейту бойынша заңнамаға түзетулер енгізіледі.

«Абаттандыру және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының бюджетіндегі «халық қатысатын» үлесін арттыру көзделуде», - деді Әсет Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар