Еліміздің 53 қаласында кәріздік-тазарту қондырғылары салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің 53 қаласында кәріздік-тазарту қондырғылары салынады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес еліміздің 53 қаласында кәріздік-тазарту қондырғыларын салу және жаңғырту жобаларын іске асыруға дайындық жүргізіп жатырмыз. Халықаралық қаржы ұйымдарымен шамамен 330 млрд теңге мөлшерінде бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша келісімге келдік», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Оның айтуынша, 5 қалада атап айтқанда, Балқаш, Жаңатас, Жезқазған, Сәтбаев, Степногорскіде кәріздік-тазарту қондырғыларын салу мен реконструкциялау бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Сараптама оң қорытындысын берді. Бұл жобаларды шамамен 40 млрд теңге мөлшерінде Азия даму банкі қарызы есебінен іске асыру жоспарланған.

«6 қала - Ақтөбе, Аягөз, Қапшағай, Қарағанды, Пришахтинск, Риддер бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, сараптамаға жіберілді. Құны шамамен 90 млрд теңге болатын ол жобаларды Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен іске асыру жоспарланған. Әлемдегі пандемияға байланысты жобаларды іске асыру 2021 жылдың бірінші жарты жылдығына ауыстырылды», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар