Еліміздің 35 қаласында полигондарды қадағалау үшін ғарыштан түсірілім жасалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Полигондарды қадағалау үшін елімізде 35 қалада ғарыштық түсірілім жүзеге асырылады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пайдалануға рұқсат етілген және тыйым салынған полигондарды қадағалау үшін еліміз бойынша 35 қалада ғарыштық түсірілім жүзеге асырылады. Кадастрлық деректердің негізінде қалдықтарды жинауға арналған лицензиясы бар полигондар айқындалады. Яғни қоқыс және қалдықтарды тыйым салынған жерге қалдыру процесін ғарыштық мониторинг арқылы анықтаймыз. Біздегі бар деректерді Экологиялық реттеу және бақылау комитеті мен өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар онлайн режимде алады», - деді Баубек Оралмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, биыл еліміз бойынша 25 млн гектар жерге ғарыштан мониторинг жүргізілді.

«Жыл санап елімізде ғарыштық мониторинг жүргізілетін аумақ кеңейіп келеді. 2018 жылы ғарыштық мониторинг арқылы бақыланатын жердің жалпы ауданы 16,8 млн гектарды құраса, биыл ол көрсеткіш 25 млн гектарға жетіп отыр. Негізінен ғарыштық мониторинг республикалық маңызы бар қалалар, облыс орталықтары және ерекше қорғалатын мемлекеттік табиғи аумақтарды қамтиды», - дейді ол.

Сондай-ақ комитет басшысы елімізде заңсыз тасталған қоқыс орындарының азайып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Соңғы 2 жыл көлемінде Қазақстанда бейберекет қоқыс полигондарының саны азайып келеді. Бұл полигондар шетінен жойылып жатыр деген сөз. 2018 және 2019 жылдары үйілген қоқыс орындарының аз ғана бөлігі жойылды. Ал өткен жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін әкімдіктер мен құзырлы мекемелер қоқыс орындарының көбісін жойды деуге болады. Жалпы ғарыштық мониторинг нәтижесі стихиялық қоқыстардың азаюы мен оларды кәдеге жаратудың ұлғаюып келе жатқанын көрсетіп отыр», - деді Баубек Оралмағамбетов.


Соңғы жаңалықтар