Еліміздегі ең жас мектеп директоры «100 жаңа есім» қатарынан көрінді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үшінші кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына орай ұйымдастырылған салтанатты жиында жеңімпаздардың бірі - елордадағы 54-ші мектептің директоры Шәкәрім Сейсембай сөз бастады.

Ол - еліміздегі ең жас мектеп директоры.

«Біздің мектебімізде 213 қызметкер, 2700 оқушы бар. Ұстаздық қызметтегі мақсатым – мемлекетіміздің білім саласын брендке айналдырып, мәртебесін арттыру. Қазіргі таңда өкінішке қарай, жастардың ішінде, білімді азаматтардың арасында мектепке барып, ұстаз болып білім беру – үрдіске айналмаған. Ал біздің негізгі байлығымыз – жер астындағы алтын емес, халқымыздың ұшан-теңіз білімі. Сол себептен, бізге мықты ұстаздар керек. Себебі, ханның да, қараның да өмірлік ұстаздары болған», - деді ол.

Шәкәрім Сейсембай Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың басы қосылса – төрдегі орын ұстаздікі» деген сөзін еске салды.

«Біздің мектептерге белгілі бір баланс керек. Яғни, ер мұғалімдердің санын арттыру керек. Мектеп – отбасы секілді. Жанұяда әкеден, анадан тәрбие көрген бала жаман болмайды. Сондықтан, ер азаматтарды мектепке қызметке шақырамын. Осы бірегей жоба аясында жастарға ой салып, ұстаздық мәртебесін арттырамын деген үмітім бар», - деді ол.

Айта кетсек, «Қазақстанның жаңа есімдері» жобасының мақсаты - тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың тарихы мысалында табыстылық, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және білімге табыну идеяларын ілгерілету. Биыл жобаға қатысу үшін 1673 анкета қабылданған. Жалпы, барлық қатысушыға 700 мыңнан аса дауыс берілген. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша биыл 32 жеңімпаз анықталды.

Соңғы жаңалықтар