Еліміздегі бұқаралық спорт көрсеткіштерін тексеру керек - сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда бұқаралық спорт көрсеткіштерін нақты тексеріп шығу керек. Бұл туралы Мәжілісте онлайн режимде өткен жиында спорт саласының сарапшысы Садық Мұстафаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы, біздегі мәселеге тоқталсам, бұқаралық спортты дамыту және бұқаралық іс-шара деген бар. Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға қатысты нақты тапсырма берді. Бірақ барлығы бұқаралық іс-шара өткізеді. Содан кейін бұқаралық спортты қатырып жатырмыз деп жан-жақтан баяндайды», - Садық Мұстафаев Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырсында.

Оның айтуынша, қазіргі кезде облыстарда спорт басқармаларын қысқартып, оларды мәдениет басқармасына қосып, мамандарды азайту бастамалары бар.

«Бұлай болса, салада кім жұмыс істейді? Жоғары оқу орындарында спорт жақсы деңгейде деген пікірлер айтылып жатыр. Менің білуімше, ЖОО-ларда дене шынықтыру сабақтары қысқарып келеді. Жалпы, Парламент депутаттары бұқаралық спорт мәселесін кемінде әр үш ай сайын көтеріп отырса дұрыс болар еді. Депутаттар өңірлерді аралағанда әкімдік өкілдерінсіз оқу орындарында, спорт үйірмелерінде мұғалімдермен тікелей сөйлессеңіздер көп жағдайды анықтауға болады», - деді С. Мұстафаев.

Осы орайда ол елдегі бұқаралық спорт көрсеткіштерін нақты тексеріп шығу керек екенін ұсынды. Өйткені бұл саланы дамытуға қатысты көрсеткіштер нақты жағдайға сәйкес келмейді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі отырыс барысында бұқаралық спорт өңірлердегі көптеген азамат үшін әлі де қолжетімді емес екені айтылды.

Ерлан Қожағапановтың сөзіне қарағанда, былтыр еліміздің дене шынықтыру-спорт қозғалысына 5,9 млн адам қатысқанын айтты.


Соңғы жаңалықтар