Еліміздегі архивтердегі жабық қорларды ашу керек - Берік Әбдіғалиұлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытында архивтердегі жабық қорларды ашу маңызды екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде негізгі жұмыс архивтердің жабық қорларында жүргізілуі керек. Бұл бағытта ғалымдар кедергілерге тап болып отыр. Комиссияның арқасында рұқсат қағаздарын алғанымен, әлі де біздің ведомстволардың архивтерінде кедергілер бар. Сондықтан осыны шешудің басты жолы – ол құпиясыздандыру. Өйткені көптеген құжаттар кеңестік кезеңде құпиялыққа бекітілген», - деді депутат Орталық коммуникациялар қызметінде.

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, қазіргі кезде Ресейде, Украинада және бұрынғы кеңестік басқа да елдерде кейбір құжаттар ғаламторда, кітаптарда жарияланып жатыр. Ал Қазақстанда бұл қажаттар әлі де құпия күйінде сақталып отыр.

«Қазіргі кезде мекемелермен келісіп, Бас прокуратура, Жоғарғы сот, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, арнайы комиссияларды ұйымдастырып, біртіндеп кезең-кезеңмен құпиясыздандыру жүргізу керек. Бұл тек ғалымдар үшін емес, өз бабаларын іздеп жүрген азаматтарға да танысуға жеңіл болар еді. Мемлекеттік комиссиясының шешімімен осындай арнайы комиссия құрылды. Онда бүкіл тиісті өкілетті органдардың мүшелері бар. Енді жоспарын жасап, жұмысымызды бастаймыз. Өйткені бүгінде өңірлерде жүмыстар жүргізіліп жатыр, дегенмен облыстық архивтерде жабық қорлар бар. Олар біртіндеп қазір ашылып жатыр», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, тек Ішкі істер министрлігінің өзінде 172 мың құжат пен іс бойынша жабық қор бар.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссияның міндеттерін атады.

Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытында жұмыс істейтін ғалымдар бекітілгенін айтты.


Соңғы жаңалықтар