Елімізде ядролық нысандарды қорғайтын мамандар даярланатын болады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде АҚШ Қорғаныс министрлігі Қауіп-қатерлерді азайту агенттігінің қолдауымен (DTRA) салынған Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы Дағдарысқа қарсы оқу орталығы ресми ашылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Нысан 1993 жылғы 13 желтоқсандағы АҚШ пен Қазақстан Республикасының арасындағы үкіметаралық келісімге сәйкес Қазақстанда іске асырылып жатқан «Жаһандық ядролық қауіпсіздік» бірлескен бағдарламасының аясында салынған болатын. Бағдарламаның мақсаты – адамдар мен қоршаған ортаны қорғау, ядролық нысандарды қорғау үшін мықты әрі сенімді ядролық және физикалық қауіпсіздік жүйесін құру. Қазақстан Республикасында бағдарламаның үйлестіруші органы Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті болып отыр.

Орталықтың ресми ашылу салтанатына ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық бақылау мен қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Ғұмар Сергазин қатысты.

«Дағдарысқа қарсы оқу орталығы Қазақстанның ядролық нысандарын қорғауға жауапты әскери бөлімдердің құрамын даярлау және олардың біліктілігін арттыруға арналған. Сонымен қатар орталықтың оқу жоспарлары мамандарды тактикалық дайындауға, авариялық жағдайларға ден қоюға, объектілерді физикалық қорғаудың заманауи жүйелерін, компьютерлік қауіпсіздікті зерделеуге, ядролық материалдарды бақылау және оларды қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету мәселелеріне оқытуды көздейді», - деді комитеттен.


Соңғы жаңалықтар