Елімізде тіл мамандары үшін онлайн-курс ұйымдастырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 30 наурыз бен 10 сәуір аралығында «Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі» атты онлайн-курс өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты азаматтардың денсаулығын сақтау және Қазақстанда коронавирустың таралуымен күрес жүргізу мақсатындағы шаралар жоспарына сәйкес «Тіл-Қазына» орталығы «Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі» атты онлайн-курс ұйымдастырады.

«Онлайн-курсқа Тіл басқармаларының қызметкерлері, облыстық және аудандық тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары, әдіскерлері мен тіл мамандары және осы тақырыпта білімін жетілдіремін деген кез келген ересек азамат қатыса алады», - делінген баспасөз хабарламасында.

Курс барысында мемлекеттік тіл және оны оқыту әдістемесіне қатысты ғалымдар мен әдіскерлер ой-пікірлерін, үздік әдіс-тәсілдерін ортаға салып, өзара тәжірибе алмасады.

«Еліміздегі орталықтардың жұмысын сандық жүйеге көшіруде бірыңғай электронды дерекқорды пайдалану жолдары көрсетіліп, заманауи педагогикалық технологияларды тиімді қолдану жайлы кеңес-ұсыныстар айтылады және нәтижесі көрсетіледі. Сонымен қатар, қазақ тілін оқытудың авторлық әдістемесін қалыптастыру мәселесі қозғалып, заманауи үлгідегі оқу кешендерін, әдістемелік материалдарын әзірлеу жайы талқыланады. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді қашықтан оқытудың жүйесін құру жөніндегі пікірлер мен идеялар алға тартылады», - делінген ақпаратта.

Онлайн-курс бағдарламасын www.tilalemi.kz сайтынан көруге болады


Соңғы жаңалықтар