Елімізде шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тардың қауымдастығын құру ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тардың қауымдастығын құру ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, қазіргі уақытта шетелдерде қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарынан Моңғолияда «Қазақньюс» порталы, «Шұғыла» журналы, «Жаңа дәуір газеті», Баян-өлгей» аймақтық радиосы жұмыс істеп тұр. Ал Иранда «Парстудей» ақпараттық агенттігінің қазақ бөлімі мен қазақ радиосы хабар таратса, Түркияда «Қазақ елі» журналы, Ресейде «Омбы қазақтары» мен «Ақ арна» газеттері басылып шығады. Сол секілді, Өзбекстанда «Нұрлы жол» республикалық газеті, «Кенимех таңы» аудандық газеті, Науаи телерадиокомпаниясы, «Алтын аймақ» бағдарламасы бар.

Елордада өткен «Отандастар. Болашаққа бағдар» халықаралық дөңгелек үстелінің «Шет елдерде қазақ тілінде жарық көретін БАҚ-пен байланыс: қазіргі жағдай және ынтымақтастық келешегі» атты панельдік сессиясына Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Асылханов, «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Умаров, Отандастар» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Түркия, Иран, Қытай елдерінің қазақтілді БАҚ өкілдері қатысты.

«Бүгінгі панельдік сессияға 6 елден 12 БАҚ (қазақ тілді) 17 өкіл қатысып отыр. Өз еліміз бен өңірлерімізден де өкілдер отыр. Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тардың бірігу бастамасы былтыр шыққан. «Отандастар» қоры мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осы бастаманы қолдады. Осы ретте шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тардың қауымдастығын құру деген идеяны ортаға салғымыз келеді. Бұл – өте қажетті және заманға сай жоба. Әлем елдеріне қарасақ, орыс, азербайжан, армян тілді БАҚ-тардың қауымдастықтары баршылық. Түркі тілдес халықтарда да бар. Сондықтан, бізге де қазақ тілді БАҚ-тардың қауымдастығын құрып, байланыс орнатуға болады. Бір-бірімізге осылайша көмек-қолдау білдіре аламыз», - деді Асқар Умаров «Отандастар. Болашаққа бағдар» халықаралық дөңгелек үстелінің «Шет елдерде қазақ тілінде жарық көретін БАҚ-пен байланыс: қазіргі жағдай және ынтымақтастық келешегі» атты панельдік сессияда.

Өз кезегінде «Отандастар» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов осындай бастама көтеріп отырған «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агентігіне алғысын білдірді.

«Бізге қолдау көрсетіп, қауымдастық құруға ниет білдіріп отырған «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне алғыс айтамыз. Пікір алмасайық. Ұсыныстардың бәрін тыңдағымыз келеді. Шетелдегі қандастарымыз қазақ тілінде өтетін бағдарламаларды сағына көріп, тыңдайтындарын айтады. Әлбетте, өте жақсы бастама», - деді ол.

Жиын барысында сондай-ақ, Қазақстан мен шет елдерде қазақ тілінде шығатын БАҚ арасында ықпалдастық, ынтымақтастық пен әріптестік байланыс орнату мәселелері кеңінен талқыланды.

Еске сала кетсек, елордада дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келген қандастардың қатысуымен «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық дөңгелек үстел өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар