Елімізде сатылған әр үш автокөліктің екеуі Қазақстанда шығарылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстанда 35,8 млрд теңгенің 5 884 көлік құрастырып шығарылды. Бұл туралы ҚазАқпарат Қазақстан автобизнес қауымдастығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қауымдастықтың хабарлауынша, 2020 жылдың қаңтарындағы жағдаймен Қазақстанда өндіріс көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 81,9% ұлғайып, 35,845 млн теңгені құраған.

Негізгі өсім бұрынғыдай жеңіл көлік есебінен болып отыр. Жеңіл көлікті өндіру 67%-ға – 5161 данаға өскен. Жүк көлігін өндірушілер 8 есе жоғары көрсеткішке өсіп, 549-ға дейін жетті. Ал автобус шығару көлемі бұрынғы қалпында қалды, мәселен былтыр 39 дана болса, биыл 33 дана.

«Өткен жылы автомобиль өндірушілер өндірісті екі есе арттырды. Сонымен бірге, жеңіл автомобиль жасау саласының еліміздегі машина жасау құрылымындағы үлесі 38% -ға жоғарылады. Біз өсу көрсеткіші биыл да күтіледі. Бірақ оның қалай өсетіні алдағы сатылу нарығына байланысты айқындалады», - дейді Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева.

Алдын ала болжам бойынша, қостанайлық «СарыарқаАвтоПром» компаниясы 2816 дана техника шығарса, өскемендік кәсіпорын «АзияАвто» 2538 көлік құраған. Семейдегі «СемАЗ» автоқұрастыру зауыты 296 жүк тиейтін көлік құраса, көкшетайлық «КАМАЗ Инжиниринг» 60 техника, «Daewoo Bus Kazakhstan» 32 автобус шығарса, «Hyundai Trans Auto» коммерциялық техника шығарған.

Жергілікті өндіріс автомобильдері барлық сатылымдардың 61% -ынан асты, яғни қаңтар айында 3,5 мың дана шығарылды дегенді білдіреді. Елде сатылған әр үш көліктің екеуі Қазақстанда шығарылған.

Енді өңірлердегі ірі автокәсіпорындардың бірі «Сарыарқа АвтоПром» жұмысына тоқталып өтейік. Қостанайдағы зауыт биыл 50 автокөлікті нарыққа шығармақ. Осылайша өндіріс ауқымы бірнеше есе көбейеді.

Кәсіпорында былтыр 26 мыңға жуық көлік құрастырылған. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. «Сарыарқа АвтоПром» зауытының директоры Сырым Семейбаевтың айтуынша, отандық көліктерге деген сұраныстың өсуі ел экономикасын дамытуға септігін тигізеді.

«Қостанайдағы зауыттан әлемдік бренд саналатын көліктердің жеті түрі шығарылады. Алғашқы ашылғанда тек дайын бөлшектер құрастырылатын. Бүгінде жұмыс дәнекерлеу мен сырлаудан басталады. Яғни, өнімнің отандық үлесі артқан. Сонымен қатар өндіріс ауқымы да еселеп өсуде. Мысалы биыл желіден шығатын көлік санын 50 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Өндірістің артуы тікелей сұранысқа байланысты. Ал сұраныстың өсу себебі мемлекеттің отандық көлікті сатып алушыларға жеңілдетілген несие беруінде. Сервистік қызмет жолға қойылған. Өндіріс артқан сайын өнімнің өзіндік құны да төмендей береді», - дейді зауыт басшысы.

Дәулет Нысанбаевтың осы кәсіпорыннда жұмыс істегеніне 6 жыл. Бастапқыда өзге де жергілікті мамандармен бірге Қытайдағы зауытқа барып тәжірибе жинап қайтқан. Қазір кәнігі шеберлердің бірі. Ол басқаратын дәнекерлеу цехында тәулігіне 16 көліктің кабинасы құрастырылады.

«Бізде жалпы өндіріс бөлімінде 1300 адам еңбек етеді. Зауыт оларға тек жалақы төлеумен шектелмей әлеуметтік жағынан да жан-жақты қолдау көрсетеді. Қала бойынша тегін автобус жүреді. Асханада тегін түскі ас беріледі. Көпбалалы отбасыларға мектепке қажеттіліктерге көмектеседі. Жаңа спорт залы салынды. Теннистен, футболдан турнирлер өтеді. Бұлардың бәрі бізге жақсы көмек», - деді Дәулет Нысанбаев.

Сонымен, отандық көлікке деген сұраныс ішкі, сыртқы нарықта бәсекелестікке төтеп беріп, автомобиль өндірісінің алға басуына мүмкіндік беріп отыр. Ал өндірістің дамуы мыңдаған жұмыс орындары ашылып, алдымен елдің әлеуметтік ахуалын түзеуге сеп болары анық.


Соңғы жаңалықтар