Елімізде ПТР тестілеу бағасын төмендету мәселесі үш күн ішінде шешіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда ПТР тестілеудің бағасы төмендеуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат Премьер-Министрдің ресми сайтына слітеме жасап.

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық мәселелері жөніндегі 7 қазандағы кеңесте берген тапсырмаларын орындау бойынша нақты шаралар әзірленді.

Жиында Ералы Тоғжанов жауапты мемлекеттік органдарға бизнес-қоғамдастықпен, салалық қауымдастықтармен бірлесіп, халыққа қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін үш күндік мерзімде ПТР тестілеу бағасын төмендету мәселесін пысықтап, Ведомствоаралық комиссияның келесі отырысына келісілген ұсыныстарды шығаруды тапсырды.

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары бір апта мерзімде өңірлерде ПТР тестілеуді біркелкі өткізуді қамтамасыз етуді, карантиндік режимді бұзушылықтарды, оның ішінде ҚР мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде, әуежайларда, теміржол вокзалдарында анықтау бойынша мониторинг топтарының жұмысының тиімділігін арттыруды тапсырды.

Еске сала кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қатысты тестілеу көлемін арттырып, бағасын қолжетімді етуді тапсырған еді.

Мемлекет басшысының айтуынша, зертхана желісі кеңейтіліп, барша әлемде тестілеу құны төмендегеніне қарамастан, елімізде тестілеу бағасы әлі де жоғары болып тұр. Бұл тұрғыда баға 10-нан 18 мың теңгеге дейін жетеді.

«Халықтың басым бөлігіне бұл сома тиімсіз болып тұр деп санаймын. Үкімет пен әкімдерден тестілеудің қаржылық мәселесін шешу талап етіледі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар