Елімізде мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің аясында елімізде 21 әкімшілік сот құрылады. Бұл туралы ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз хатшысы Айдос Садуақасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы 1 шілдеге дейін елімізде 21 әкімшілік сот (мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар) құрылады. Ол соттардың 17-сі еліміздің ірі қалаларында, яғни облыс орталықтарында құрылса, қалған төртеуі тұрғындар көп шоғырланған Қаскелең, Семей, Жазқазған және Екібастұз сияқты ірі қалаларда орналасатын болады», - деді А. Садуақасов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, әкімшілік әділет жүйесіне дайындық жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде судьяларды оқыту іс-шаралары ұйымдастырылған.

«Осы оқыту жүйесімен 500-ге тарта судья қамтылды. Сонымен қатар заңның нормаларын түсіндіріп жатырмыз. Енді азаматтардың мемлекеттік органмен немесе лауазымды тұлғамен дау туындаған кезде осындай әкімшілік соттарға жүгінетін болады. Жалпы, елімізде қазіргі кезде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралатын болса, бұл төртінші жаңа сот ісін жүргізетін институт. Бұл институтқа сәйкес, әкімшілік іс жүргізу деген ұғым енгізіледі», - деді Айдос Садуақасов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енеді.

Бұл заң жеке адам мен заңды тұлғаның мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаларға қарсы өзінің құқығын дұрыс қолдануына зор мүмкіндіктер жасайды.


Соңғы жаңалықтар